Елімізде оқушы қыздардың 38 пайызының жүктілігі түсікпен аяқталады
Елімізде оқушы қыздардың 38 пайызының жүктілігі түсікпен аяқталады
БҰҰ-ның 2021 жылғы World Population Review баянжазбасына сәйкес, Қазақстан бұл жөнінен жаһандық үштікке кірді. Қаралы көшті Ресей бастады: әрбір 1 мың әйелге шаққанда 53,7 оқиғадан келеді. Екінші орында Вьетнам – 35,2. Содан соң Қазақстан орналасты – 35 дерек. Ғалым А.Сәбитова жүктілікті жасанды үзуді барлық діндер «адам өлтіру» деп санайтынын еске салды. Мұны ғылым да қостайды: заманауи биологияға, генетикаға, эмбриологияға сәйкес, адамның өмірі әйел мен ердің жыныстық жасуша-клеткаларының ядролары қосылған сәттен басталады. Яғни, оны «жай ғана ұрық» деп қарастыруға болмайды. Ғасырлардан бері әрбір дәрігердің аманаты мен міндеті, медицинаның моральдық заңы саналатын жалпы мойындаған құжатта – Гиппократ антында ар-ұждан тұрғысынан абортқа жол беруге болмайтыны айтылған. Ендеше жасанды түсікті жүзеге асырмас бұрын әйелді одан бас тартуға үгіттеу – әрбір дәрігердің парызы болса керек. Олай бола бермеген соң мектеп қабырғасындағы балдырған бойжеткендердің өзі абортқа жеңілтек қарайды. Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі меморгандармен бірге жүргізген кең ауқымды зерттеу төбе шашты тік тұрғызатын жағдайды әшкереледі. Бүгінде қазақстандық жасөспірімдер жыныстық өмірді ерте, орта есеппен 16,5 жаста бастайды. Бұл жыныстық жетілудің бұзылуына, жасөспірімдердің ерте жүктілігіне, босануына немесе түсікке, жыныстық жолдармен берілетін инфекциялық ауруларға соқтыруы мүмкін. Бұл ретте 15–19 жас аралығындағы оқушы қыздардың 16,7%-ы кемінде бір рет жүкті болғаны анықталды. Олардың ішінде 62%-ы – босанған. 22%-ы – аборт жасатқан, тағы 16%-ында жүктілік түсік тастаумен аяқталған. Соңғы 5 жылда 15-тен 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы туу 14%-ға төмендеді. Соның өзінде жыл сайын 3 778-ден 2 699-ге дейін оқушы қыздың аяғы ауыр болып қалады. Әйелдерді жалпы алғанда, Денсауминінің ресми дерегінше, Қазақстанда әрбір алтыншы жүктілік өздігінен түсік тастаумен немесе мерзімінен бұрын босанумен үзіледі. Бұл көп жағдайда қолайсыз соматикалық жағдайдың нәтижесі болып табылады. Яғни, қазақстандық аналар отбасы тарапынан да, мемлекет тарапынан да қорғау мен қамқорлыққа зәру.
Қазақстанда соңғы жылдары медициналық көрсетілімдер бойынша аборт саны ұлғайды: барлық жасанды түсік құрылымындағы олардың үлесі 75%-ды құрады. Соның ішінде 60%-ы әйел денсаулығымен байланысты. Тағы 40%-ы нәресте дамуының туа пайда болған ауытқуларына қатысты. Мұның бәрі Қазақстан халқының денсаулығының нашар екенін паш етеді. Қазақстанда медициналық сақтандыру енгізілгелі бері емханалар ӘМСҚ қорына тұрақты жарна аудара алмаған, немесе мүлдем сақтандырылмаған аналарды қабылдаудан бас тартады. Осылайша, ұлт болашағына балта шауып отырғанға ұқсайды. Мемлекет жұмыссыз ретінде тіркелген жүкті әйелдер үшін ғана әлгі қорға бюджет есебінен жарна аударып, сақтандырады. Ал егер әйел ресми жұмыс істесе, бірақ жұмыс берушісі салғырттық не пайдакүнемдік танытып, ӘМСҚ-ке жарна аудармаса, онда болашақ ана медсақтандырылмаған атанады.
Масқарасы сол, республикада криминалды түсік жасатулар саны бірден 2,3 есеге өсіп шыға келді: 2019 жылы 29 жағдай тіркелсе, 2021 жыл бұл деректер 69 жағдайға жетті. Бұл тек әшкереленгені ғана. Бұған «медикаментозды түсік үшін қолданылатын дәрілік заттардың бақылаусыз еркін сатылуы» да кесірін тигізіп отырған көрінеді. Үкімет абортқа тыйым салмады. Оның орнына Денсаулық сақтау министрлігі «Әрбір әйел – әрбір бала» атты Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі 2023–2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасында әйелдердің аборт жасауына емхана деңгейінде тұрақты көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде қауіпсіз түсікке қолжетімділікті қамтамасыз етудің жаңа бағыты енгізіліп, жетілдірілетін болады». Оның аясында «хирургиялық аборттар жүктілікті дәрі-дәрмекпен үзуге немесе вакуум-аспирацияға алмастырылады».
https://turkystan.kz/article/223603-elimizde-okushy-kyzdardyn-38-payyzynyn-zhuktiligi-tusikpen-ayaktalady/