Импорттық өнімді тұтынуға тура келеді – AMANAT тауық жұмыртқасы субсидиясын талдады
Импорттық өнімді тұтынуға тура келеді – AMANAT тауық жұмыртқасы субсидиясын талдады
Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) тек ішінара жұмыс істейді, АӨК-ті субсидиялау ережесінен тауық жұмыртқасын субсидиялау туралы норма алып тасталды, ал сауданы реттеу әрекеті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге зиян келтіреді. Осы және өзге де мәселелер туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында айтылды.
Кеңес мүшесі, Агроөнеркәсіптік кешен кредиттік серіктестіктер қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатованың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сендіруіне қарамастан, СБМАЖ жүйесі, жұмсартып айтқанда, жарытып жұмыс істемейді.
Кеңес мүшесі, Қазақстанның Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Қайрат Маишев те маңызды мәселе көтерді. Ол Республикалық бюджет комиссиясы АӨК-ті субсидиялау Ережесінде әр жұмыртқаны 3 теңгеден субсидиялау нормативін қолдамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай әрекет өнім бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін.
Өз кезегінде, Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаев шаруалар жолдаған ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігінде назарға алынбайтынын атап өтті.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов атап өткендей, аграрлық салада бірқатар проблемалық мәселе бар. Оның ішінде, қарыздарды субсидиялау, жайылымдарды суару және т.б. мәселелер көрініс тауып отыр.
Ішкі және сыртқы сауданы реттеу жүйесі де сынға ұшырады. Қазақстан Астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспановтың пікірінше, аталған жүйенің жұмысы көңіл көншітпейді.
Отырыс барысында Кеңес мүшелері шаруаларға жанар-жағармайды жеңілдікпен беру, ветеринарлық қызметті қолдау және өңірлер арасында тәжірибе алмасу мәселелерін де қозғады. Қорытынды ұсынымдар орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.
https://turkystan.kz/article/224040-importtyk-onimdi-tutynuga-tura-keledi-amanat-tauyk-zhumyrtkasy-subsidiyasyn-taldady/