Ақмола облысында депутат көпбалалы анаға көмек көрсетті
Ақмола облысында депутат көпбалалы анаға көмек көрсетті
Оқиға қалай өрбіді? Қоянды ауылының тұрғыны Айгүл Оспанова отағасынан айрылып, қара жамылып отырғаны аздай, енді шаңырағы отқа оранып, қайғысына қайғы қосылған еді. Амалы құрыған азаматша әлеуметтік желіде көпке үндеу тастап, халықтан көмек сұрады.
Бұған дейін отбасы үй жанынан жаңа баспананың құрылысын бастаған еді. Алайда күйеуі қайтыс болған соң, шиеттей бала-шағамен жалғыз қалған көпбалалы ананың құрылысты аяқтауға шамасы келмеді. Осы оқиғадан құлағдар болған халық қалаулысы «Gentlemеns Club» қайырымдылық қорын бастап келіп, 3 млн теңге соммасында көмек көрсетті. Яғни, 2 млн. 700 мың теңгеге құрылыс заттарын жеткізіп берсе, қалған 300 мың теңгені отбасының керек жарағына деп жеке тапсырды.
Бұл – қасына өзіндей кәсіпкер, атымтай жомарт азаматтарды топтастыра білген халық қалаулысының жалғыз жақсылығы емес. Ол бұған дейін де мұқтаж отбасыларға 12 баспана алып берген еді. Бұған қоса, өзінің сайлау округінің тұрғындарына тосын сый жасап, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылының «Сарыарқа» көшесіндегі аллеяға балаларға арналған ойын алаңын орнатып берді. Онда заманауи әткеншек те, сырғанақ та, карусель де, футбол алаңы да бар. Ең бастысы, балақайлар дән риза.
https://turkystan.kz/article/224464-akmola-oblysynda-deputat-kopbalaly-anaga-komek-korsetti/