Жаңалықтар

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ

ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ

Жыл сайын мамырдың 31-і елімізде саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қолдан жасалған ашаршылық салдарынан екі миллионға жуық қазақ құрбан болды. Ұлтымыздың ең ардақты азаматтары саяси қуғын-сүргінге түсті. Олар «Халық жауы» деген жаламен қырғынға ұшырады. Сол бір зұлмат жылдары облысымызда бес мыңнан астам жамбылдық жазықсыз жазаланды. Олардың ішінде Сарысулықтар да бар. Бүгін аудандық кітапхананың "Коворкинг" орталығында "Сарысудағы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен қазақ зиялылары" атты "дөңгелек үстел" жиыны өтті. Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, қуғын-сүргін құрбаны болған Иманов Жантөре ағаның ұрпағы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Тыныштық Бектөреева, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбин, КСРО Журналистер Одағының мүшесі Бергентай Нұрмаханов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Диханбай Ақділда, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Жақсыбек Дәулетбаев, еңбек ардагерлері Марқаш Мизенбаев, Болат Үсенбаев, айтыскер ақын Талғат Құсайынов, қуғын-сүргін құрбаны болған Сармолдаев Ақмедия ағаның ұрпағы Бақыт Сармолдаев, этнос өкілдері, жастар және кітапхана оқырмандары қатысты. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, жазықсыз жапа шеккен, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, рухына тағзым ету өскелең ұрпақтың парызы екендігін айтты. Жазушы ағаларымыз Пернебай Дүйсенбин, Бергентай Нұрмаханов сол бір зұлмат жылдардағы ауданның тарихына кеңінен тоқталды. Қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Тыныштық Бектөреева, неміс ұлтық-мәдени орталығының жетекшісі Лилия Вайс ата-бабаларының басынан өткен зобалаң жылдар туралы естеліктер айтып, енді мұндай зұлмат күндердің болмауын тіледі. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков қорытындылады. Әсерге толы жиынның барысында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрініс көрсетіліп, мәдениет үйінің қызметкері Ж. Абдрахманов "Біздің елдің жігіттері", айтыскер ақын Талғат Құсайынов " Самалтау" әндерін орындаса, жас ақын Самат Тоқпанов өлең оқыды. Сарысу ауданы әкімдігі