Мәжілісте еліміздегі газ саласының жай-күйі талқыланды
Мәжілісте еліміздегі газ саласының жай-күйі талқыланды
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті.
Жиынның басты мақсаты – отандық газ саласының жағдайын талқылау, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың VIII шақырылымның бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын жүзеге асыру.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттарымен қатар Энергетика министрлігінің және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басшылары қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин депутаттарды министрліктің және «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өткен кезеңдегі қызметінің қорытындыларымен таныстырып қана қоймай, одан әрі дамуды талап ететін мәселелерді қарастыру екенін айтты.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен жылы газ саласындареформа жүргізілгенін баяндап, жер қойнауын пайдалану саласында жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданғанын айтты.
Сонымен қатар А. Сәтқалиев бүгінгі таңда QazaqGaz Қашаған кен орнында қуаты жылына бір миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салып жатқанын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «Қазақ газ өңдеу» зауытының базасында жаңа газ өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылданғанын айтты. Зауыттар жоспар бойынша 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Министрдің айтуынша, жалпы газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі осы жылы Ұлттық экономика министрлігімен келісім бойынша газға көтерме бағаны 5 жыл ішінде кезең-кезеңімен ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ал бөлшек сауда бағаларын 1 литр үшін 50-70 теңгеге мемлекеттік реттеу нәтижесінде өткен жылы сұйытылған мұнай газын ішкі тұтыну 2021 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28 пайызға өскен.
Одан әрі «QazaqGaz»ҰК» басқарма төрағасы Санжар Жаркешов газ саласындағы жағдай туралы баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған Еділ Жаңбыршин тауарлық және сұйытылған газдың ресурстарын ұлғайту, елді газбен қамтамасыз ету, газ саласындағы инвестициялық тартымдылықты арттыру, алауларда ілеспе газды жағуды және кері айдауды қысқартуға ынталандырушы тәсілдер кешенін әзірлеу қажет екенін атап өтіп, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндет екенін айтты.
https://turkystan.kz/article/224915-mezhiliste-elimizdegi-gaz-salasynyn-zhay-kuyi-talkylandy/