Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері екі облысты аралады
Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері екі облысты аралады
Шымкентте аманаттықтар жол сапасына қатысты шағымданған Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Олардың айтуынша, көктем мен күз мезгілінде жауын-шашынның салдарынан Егемен Қазақстан көшесімен жүру мүмкін емес.
Партияның қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мәселе жақын арада шешілетінін атап өтті.

Павлодар облысында партиялықтар Солнечный кентіне барды. Тұрғындар бос тұрған коммуналдық пәтерлерді қалпына келтіруді, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізуді, қоқыс жәшіктерін орнатуды және әлеуметтік маңызы бар нысандарға пандустар орнатуды сұрайды.
Бұған жауап ретінде мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің мүшелері күрделі жөндеу жұмысы келесі жылы жүргізілетінін, ал биыл жобалау-сметалық құжаттама әзірленетінін айтты. Тар шеңбердегі мамандарға келетін болсақ, Екібастұз қаласының емханасынан айына бір рет кардиолог, невропатолог және эндокринолог, аптасына бір рет гинеколог келіп қабылдау өткізеді. Осы күні аманаттықтар Құлакөл ауылының тұрғындарымен кездесті. Олар мектеп ғимаратын жөндеуді, су құбыры желілерін сенімгерлік басқаруға беруді, балабақшаға ойын алаңын орнатуды сұрады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары үшін басты мәселе – кірме жолды жөндеу.
Осы орайда, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаты Александр Толмачев Теміржол ауылдық округінің бюджетінен жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін 2,7 млн теңге бөлінгенін, ал жөндеу жұмысы келесі жылы басталатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын. Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: Сall-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); WhatsАpp: 8 700 800 4441; E-mail: komek@amanatpartiasy.kz. Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сонымен бірге партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. https://turkystan.kz/article/225082-mobildi-kogamdyk-kabyldau-bolmesinin-okilderi-eki-oblysty-aralady/