Қазақ елінің азаттығы үшін жоңғарлармен арыстандай айқасқан батырлардың бірі.
Рысбек батыр шамамен 1741 жылы туып, 1824 жылы өмірден өткен. Рысбек інісі Тұрыс екеуі әкесі Шінеттен ерте жетім қалған.
1757 жылдың жазы. Он алтыдан жаңа асқан Рысбекке хонтайшы ордасын шауып, ойран ету тапсырылады.
Рысбек батыр туының астына жиналған қазақтар – дулат, сиқым, қаңлы, шанышқылы, сарыүйсін және сіргелі руларының жігіттері хонтайшы ордасына таң ата тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанның жасағының біразын жайратады. Оның қолы қашқан қалмақтарды Жуалының Ақтас аумағында қуып жетіп, кескілескен ұрыс жүргізеді. Екі жақтан да көп адам қаза табады. Осындай қиналған қиын сәтте інісі Тұрыс бастаған балалар бір топ түйені ұрыс даласына қарай айдайды. Қалың шоғырды, бұрқыраған шаңды көрген жау, қосымша күш келе жатыр деп ойлап, қаша жөнеледі.
Рысбек атағы осы орданы ойрандаудан кейін қазаққа белгілі болды. Әсіресе, осы оқиғадан кейін Төле биден бата алған оның есімі Сиқым елінің ұранына айналды. Сиқым жігіттері қай жерде жүрсе де жауына Рысбек атын айтып шабатын болды.
Ол Қойгелді бастаған ұлы жүз қолының бір үлкен қосын басқарды.
Ташкент билігі Қоқан хандығына көшкен тұста Рысбек батыр аз уақыт датқа болды.
Рысбек батыр Оңтүстік өңірді Садыр, Ешенқұл сияқты басқыншы манаптардан да азат етті.
1769 жылы Садыр манап Меркі, Талас бойын, тіпті, Созақ жерін де басып алды. Халықтың азаттығы жолында жаумен арпалысып өткен батыр бабамыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент қаласының маңындағы мешіт түбінде жатыр.
Жуалыда бір елдімекен Рысбек батыр есімімен аталады.