Жаңалықтар

Бюджеттің қалай атқарылғаны қаралды

Бюджеттің қалай атқарылғаны қаралды

7 маусымда Мәжілісте өткен жалпы отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2022 жылғы респуб­ли­калық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Талқы­лау нәтижелері Сенатқа жолданды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсына оты­рып, әлемде күрделі жағдай қалыптас­қа­ны­на қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштердің өскеніне тоқталды. Жыл­дың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3 пайызға жеткен. Жоғары аудиторлық палатаның төрайы­­мы Наталья Годунова маңызсыз іс-ша­раларға қомақты ресурс жұмсалып жатқанын, бюджетті толтыру үшін ре­зерв­терді жіберіп алу, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ бюджетті мақсатты және тиім­ді игеруге кері әсер ететін басқа да фак­тор­лардың бар екенін баса айтты. Қосымша баяндама жасаған Мә­жіліс­тің Қаржы және бюджет комитетінің мү­шесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылдың қо­рытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгені құрағанын не­месе 102 пайызға орындалғанын айтты. Өсу қарқыны – 2021 жылмен салыс­тырғанда 127,7 пайыз. Алайда оның ай­туын­ша, республикалық бюджеттің Ұлт­тық қордан берілетін трансферттерге тәуел­ділігі сақталып отыр. – Республикалық бюджет кірісінің ша­мамен 34,4 пайызы трансферт түсім­дері есебінен келген. Бұл – 5,5 трлн теңге. Соның ішінде 4,6 трлн теңге ұлттық қор­дан түскен. Шығындар 18,5 трлн теңге бо­лып отыр. Жоспар бойынша орын­дал­ғаны – 98,6 пайыз, ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге, – деді Ұласбек Сәдібеков. Депутаттар Үкімет мүшелеріне бюд­жеттің орындалмау фактілері мен тексеру қорытындылары бойынша анықталған басқа да кемшіліктер бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, халық қалаулылары 2022 жылға арналған республикалық бюджетті атқару кезінде жоспарлау сапасының тө­мендігі, бюджет қаражатын тиімсіз пай­далану, сондай-ақ бюджеттен қаржылан­дырылатын республикалық бағдарла­малар әкімшілерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-әрекетінің сәйкес­пей­тіні байқалғанын атап өтті. Мәжілістегі алты фракция өкілдері тал­қыланып жатқан құжат бойынша өз бағаларын берді. «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев инфляция­ның өсуіне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемінің мәжбүрлі түрде қысқарғанына тоқталып, Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты. – Біз нақты проблемаларға назар ау­дар­дық. Дегенмен Үкімет тарапынан ау­қым­ды жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы сыртқы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен орын­далғанын объективті түрде атап өткен жөн, – дей келе, «AMANAT» фракциясы атал­ған ескертулерді ескере отырып, Үкі­меттің 2022 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді жақтайтынын мәлімдеді. Есепті бекітуге «Ақ жол» және ЖСДП пар­тияларының фракциялары қарсылық білдірді. Қазақстан Халықтық партиясы мен Respublica партиясының фракция­лары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, құжат­ты қолдайтындарын айтты. «Ауыл» партиясы фракциясының же­тек­шісі Анас Баққожаев макроэконо­мика­лық көрсеткіштерді ескере отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқыны бойынша ең төменгі са­тыда тұрғанына мән берді. – Бірінші себеп – не­гізгі капиталға салынатын инвести­цияның мөлшері аз. Екінші – елді мекен­дерде ауыл шаруашылығына қажетті инф­рақұрылымның болмауы. Судың жетіс­пеушілігі бұған нақты мысал. Сон­дық­тан бюджетті жоспарлау кезінде біз осы екі негізгі мәселенің Үкіметтің күн тәр­­тібінде болуын талап етеміз, – дей ке­ле, депутат жалпы «Ауыл» фракциясы Үкі­­меттің бюджеттің атқарылуы туралы ұсын­ған есебін бекітуге қарсы емес екенін жеткізді. Сонымен қатар Парламентке 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюд­жеттің жобасы енгізілген кезде қа­был­­данған шаралар туралы ақпарат берілу керектігін талап етті. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкі­мет мүшелеріне есептегі әрбір цифр­дың артында адамдардың тағдыры тұрға­нын атап өтті. – Үкімет жылдан жылға бюджеттің жо­ғары деңгейде игеріліп жатқанын мақ­танышпен баяндайды. Алайда игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де өзгермейді. Біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы білеміз. Бюджет 1 трлн теңгеге түзетілді. Мұндай – «тама­ша» цифрлардың артында не тұр? Уақы­тылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Осы­ны ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. Ұласбек Сәдібеков, «AMANAT» фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі: Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапкершілікке тартылуы керек

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылығына бюджетті атқару кезінде қателіктерге жол берген кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Енді регламентке сәйкес, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады.   https://turkystan.kz/article/225329-byudzhettin-kalay-atkarylgany-karaldy/