Қаратау қаласында игі істер жалғасын табуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тұрмыстық жағдайы төмен, аз қамтылған 3 отбасының тұрғын үй құрылысына көмек көрсету жоспарланып отыр. Соның ішінде, ел жанашырларының арқасында 1 үйдің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, бүгін аз қамтылған Байжанов Сланбек атамыз бен Байжарқынова Тәжігүл апамызға табысталып отыр.

Қақаған қыста жылуы болмаған, қар-жаңбырдан шатырынан су ағып, терезелерінің тозығы жеткен тұрғын үйдің бүгінде ішіне жылу жүйелері орнатылып, шатыр жабыны ауыстырылып, терезелері толығымен жаңартылып берілді.
Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан айтулы жоба ескіні еске салып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді аша түскендей. Соның арқасында «Асар» дәстүрі жанданып, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың бірі үйлі болу бақытына, бірі тозығы жеткен баспанасының қайта жаңаруына ие болуда.
Осындай жобаға қолда барын бөлісіп, бір-біріне қамқор, тілеулес бола білген қала тұрғындарына, кәсіпкер демеушілерге, ақсақалдар мен жастарға аудан, қала басшылары және зиялы қауым өкілдері шексіз алғыстарын білдіріп, үй иесін құттықтап, ізгі тілегін арнады.