Жаңалықтар
Қазақ дәстүріне қызығатын мажарлар астанасы – Будапештте мәдениет үйі керек
- NAQ.KZ
- 30 маусым, 2023
- 39

Қазақ дәстүріне қызығатын мажарлар астанасы – Будапештте мәдениет үйі керек
Тоқсаныншы жылдардың соңында Венгрияда құрылған «Барыс» мажар-қазақ қоры бертінге дейін Еуропада қазақ мәдениетін насихаттап жүрген нөмірі бірінші қор саналатын. Туыстас екі ел арасындағы достықты нығайту үшін түрлі іс-шара өткізген олардың жұмысы әлі де ел ауызында айтылып жүр. Қазақстанға жиі келетін ұлты мажар профессор Золтан Бұзады мен Түркістанда білімін жетілдіріп жатқан Богларка Фехер сол қор арқылы біздің мәдениетті танып, өнерімізге тәнті болғанын біздің басылымға берген сұхбаттарында айтқан еді. Бір ай бұрын Кельнде өткен құрылтайға Венгрия қазақтарының делегациясын бастап барған Жанаргүл Бақтыгерейқызы соңғы жылдары бәсеңдеп қалған қордың жұмысы қайта жанданғанын мәлімдеді. Жыл басынан бері Будапешт төрінде төл мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болған Жанаргүлге хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Жанаргүл, тарихы бай, атқарған шаруасы қыруар «Барыс» мажар-қазақ қорына жұмыс істеуге сізді кім шақырды? – Негізі, мен Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тумасымын. Экономист мамандығын бітірдім. Ауыл шаруашылығымен айналысқан әкем пиғылы жаман бәзбіреулердің араласуымен кәсібінен айырылып қалып, отбасымызбен Атырауға көшіп келдік. Мен онда әртүрлі салада жұмыс істедім. Сөйтіп, онда жұмыс істеп жүрген ұлты мажар жігітпен танысып, артынша оған тұрмысқа шықтым. Осылайша, 2010 жылы Венгрияға көшіп келдім. Жалпы, «Барыс» мажар-қазақ қорын белгілі түрколог ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жары Айша апай мен мажар-қазақ ынтымақтастығын ұдайы қолдаушы, қазіргі төрағасы Гал Андраш 1998 жылы ашқан болатын. Кезінде олар екі елдің байланысын күшейту үшін қыруар шаруа атқарған. Қазақтарды осында шақырып жоғары білім алуына түрткі болған. Сондай-ақ тіл үйренемін деуші мажарларға қазақ тілін үйреткен. Бір сөзбен айтқанда, қордың жұмысы гүрілдеп тұрған. Бүгінде құрылтайшылардың көбі өмірден өтті. Белсенділер саны азайып, қордың жұмысы бәсеңдеп қалды. Айша апайымыз жетпіс бір жаста. Гал Андраш та сол шамалас. Қазақ мәдениетін таныту десе алып-ұшып, бейресми іс-шара өткізіп жүргенімді көріп жүрген төраға Гал Андраш бір күні «Сіз маған керек адам екенсіз. Екі тілде жақсы сөйлейсіз. Айша апайың екеуіміздің жасымыз келді. Бізге жас энергия керек. Ары қарай да қазақ мәдениетін осында дәріптейтін өзің секілді адам керек» деп бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Шынында қордың жұмысы ауыр, жүгірісі көп. Мұндай игі істерді жастар істемесе, үлкендерге ауыр тиетіні анық. Оған қоса бұған ешқандай ақы төленбейді. Десе де, төл мәдениетіміз үшін аянып қалмайын, шамамыз жетіп тұрғанда дәріптейін деп, Жаңа жылдан бастап бұл істі қолға алдым.
– Жыл басында Будапештте үш жүзге жуық адамның басы қосылған кеште Қазақстанның мәдениет күндерін айрықша атап өттіңіздер. – Иә. Мақтанғаным емес, бірақ еуропалықтарға қазақ мәдениетін ерекше дәріптеген біз екенбіз. Биыл ақпан айында елшілік өкілдері, диаспоралар және студенттермен бірігіп, ел астанасы Будапештте үлкен залды жалдап Мәдениет күнін атап өткен едік. Сол кештің қонағы болған мажарлар таң-тамаша болып, алған әсерін жасыра алмай отырғанын айтты. Біз ол кеште қыз қуу, тұсау кесу, сәлем салу секілді дәстүрлерімізді көрсеткен болатынбыз. Ұлттық тағамдар әзірлеп көпшілік назарына ұсындық. Мажарлар ұлттық киімімізді көрсін, білсін деген мақсатпен бәріне қамзол мен тақия киіп келуін өтінген едім. Айтқанымды орындап, бәрі заманауи стильде тігілген ұлттық киімдерін киіп келіпті. Бірнешеуін елшіліктен алдырттық. Болжағанымдай-ақ, мажарларға біздің ұлттық киімдеріміз ерекше ұнады. Олар бізді мұсылман дінін ұстанған соң, қара жамылып жүреді әрі хиджаб киеді деп ойласа керек. Алайда сол іс-шарада көпшіліктің біз туралы естіген стереотиптерін бұзып, ұлтымыздың шынайы келбетін таныттық десем, артық айтпаймын. Айтпақшы, келгендерге «біз, қазақтар бір дастарқан басында отырып тамақтанамыз» деп ұлттық тағамдарымыздан дәм татқыздық. Тағамдарды тегін таратқанымызға таңғалғандар да болды. Өйткені мұнда көп іс-шараларда ақшаға сатып алады. Одан бөлек, Венгрияда оқитын Бекзат пен Айбар есімді жастарымыз күй тартыс ұйымдастырып, залда отырғандардың делебесін қоздырды. Жалпы, мажарлар домбыра аспабын ерекше ұнатады. Домбыраның үніне сүйсініп соңында басын шайқап отырғандарын байқадым. Сосын күй тартыс аяқталғанда орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол шапалақтады. Сондай-ақ мажарға тұрмысқа шыққан бір қазақ әйел он бес жастағы қызымен «Қамажай» биін биледі. Оған қоса кішкентай бүлдіршіндерді бір топқа біріктіріп, «Айгөлек» биін билеткіздік. Айша апай екеуіміз ол бүлдіршіндерге арнайы көйлек тіктіріп, ерекше көңіл бөлдік.
Айтпақшы, осы ретте мажарларға қыз қуу дәстүрі ерекше ұнағанын айтпай кетпеске болмас. Мұны алдымен өзіміз сахналадық. Сосын сол жерде отырған бір мажарды ортаға алып шығып қыз қуу ойнына қатыстырдық. Артынша қыз оны қуып, ол залды айнала қашып, отырғандар қызға «Ұр, қане, тағы да ұр!» деп қалжыңдап, кешіміз ойын-күлкіге толы өтті. Бұл кештің жоғары деңгейде өтуіне тек қазақ өнерпаздары емес, сонымен қатар, мажар әншілері де көмегін тигізді. Түрік азаматына тұрмысқа шыққан мажар әншісі Тилла Түрік деген мажар әншісі біз үшін арнайы Түркиядан келіп, кешіміздің көркін қыздырып жіберді. Ол уақытта Түркияда болған жер сілкінісінен соң, Тилланың біздің іс-шараға қатысуы екіталай болатын. Бірақ берген уәдесін орындап, скрипкада, сосын өз бетінше үйренген домбырада бірнеше туынды орындап, бар өнерін ортаға салды. Ал Тамаш деген бала «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіріп орындады. Бұл кешке үш жүзге жуық адам қатысты. Сенесіз бе?! Кеш соңында қонақтар «Жарайсыздар! Елден жырақ жүрсеңіздер де, мәдениеттеріңізді ұмыттырмауға тырысып жүрсіздер. Бірліктеріңіз мықты екен!» деп ақжарма тілектерін айтты. Жалпы, мажарлар бізге туыс ел ретінде қарап, үнемі жақын тартады. Әрі Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда олардың жүзі жылылау. Еуропаның бірнеше еліне барғанда түсінгенім, сен ол елдің тілінде сөйлеп тұрсаң да, олар саған мән бермейді. Ал мажарлар болса «Біздің тілді беске білетін сені қалай сыйламасқа?!» деп асты-үстіңе түсіп, ерекше құрметтейді. Мен мажарлардың қонақты Құдайындай сыйлау, көтермелеу секілді біздің ұлтқа тән қасиеттерін жоғары бағалаймын.
– Әлеуметтік желіден Наурыз мерекесін де жоғары деңгейде атап өткендеріңізді байқадық. Қазақстаннан да өнерпаздар барғанға ұқсайды. – Наурыз мерекесінен бұрын Көрісу күнін атап өттік. Ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, Көк туымызды желбіретіп Будапешттің орталық көшесіне барып иық түйістіріп көрістік. Содан соң наурыз айында Ұлыстың ұлы мерекесін өткізетін орындар бос болмағандықтан, ол мейрамды сәуірдің он бесі күні үлкен шіркеуде атап өттік. Ол жерде де мәдениет күніндегідей балалар мен студенттер өнер көрсетті. Қазақстаннан «Тұран» этно-фольклор ансамблі келіп қатысты. Одан бөлек, мажарлардың ұлттық ансамблі де өнер көрсетті. Сосын Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында марафон ұйымдастырдық. Жалпы, осы ретте қазақстандық студенттердің ынта-жігерін атап өткен жөн. Венгрияда екі жүзге жуық студент оқиды. Олардың арасында ұялмай, қымсынбай, біздің дәстүрімізді дәріптеп, егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге әзір тұрғандар жетерлік. Айтпақшы, мұнда студенттердің «Жібек жолы» деп аталатын халықаралық қоры жұмыс істейді. Олар ай сайын өтетін кездесулерінде Абайдың шығармаларын оқып, өзара пікір алмасады. Биыл олар студенттер арасында Наурыз мерекесін атап өтті. Біздің қор сол іс-шара өткен жердің жалға беру ақысын төлеп берді. Ол халықаралық қорда белсенді жұмыс істеп жүрген қазақ жігіттері де бар. Мәдениет күніне дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанда олар «Бізден не көмек керек? Не істейік?» деп хабарласып, қолдау білдірді. «Жалғызбын ба деп жүрсем, сендер бар екенсіңдер ғой» деп менімен бірге «шапқылаған» оларға дән риза болдым.
– Сонда сізге тек жастар көмектесе ме? – Мен сізге мынаны айтайын: жоғарыда айтып тұрғандай бұл қор отыз жыл бұрын гүрілдеп тұрды. Ол кезде Айша апай да, Гал Андраш та жас болған соң, көп игі істер атқарды. Ал қазір жетпістен асқан олардың кезінде атқарған жұмысын жалғастыру бізге жүктелді. Біле білсеңіз, қордың жұмысы өте ауыр. Сценарий жазу, өтетін орынды табу, студенттерді жұмылдыру, бүлдіршіндердің ата-анасынан рұқсат алу, өнерпаздарды шақыру, ұлттық тағам әзірлеуге үндеу секілді жұмыстарды орындау бір адамға қиын. Бәрінің көңілін табуың керек. Бәзбіреулер «Бізді қатыстыру арқылы ақша тауып жатырсың» деп ойлайды екен. Тіпті де олай емес екенін түсіндіру үшін бірнеше күнім кетті. Біреуді пайдаланып ақша табу не масқара ол? Арамызда тамақты тегін пісірмеймін дегендер де болды. Бұрын ата-бабаларымыз жоқшылық кезде біреуі ұнын, біреуі етін әкеліп бірге асып жеген ғой. Кейбір студенттер ұсыныстарымды ескілікке теңеді. Бірақ ескілік деп дәстүрімізді далаға «тастап» кетуге дәтіміз бармайды. Жаным тірі кезде, Құдай маған күш-қуат беріп тұрған кезде, төл дәстүріміз бен төл өнерімізді шама-шарқым жеткенше насихаттай беремін. Тағы бір айтарым, мұнда оқуға келген ауқаттылардың балалары анда бір, мында бір суретке түскеніне мәз болып ешқандай сезімін білдірмей жүреді. Есесіне, жалба-жұлба киініп дінімізге, дәстүрімізге жат Хэллоуин мерекесін тойлағанға мәз болады. Ал өз мәдениетін насихаттауға ат салыспайды. Мажарлардың мәдениетінен хабары жоқ олардың бұл елді зерттеуге қазақтармен арадағы туыстық байланысын танып-білуге құлқылары жоқ. Сөйткен олар бір-екі ай, кейбірі бір жылдан соң оқудан шығып қалады. Қолайлы ортада өскен олар мұндағы жатақхананы менсінбей, тәкаппарлық танытады. Мұнда кедей немесе бай деп бөлінбейді, бірдей орын беріледі, бірдей жағдай жасалады деп айтсам да мұрнын шүйіреді. Кейбірі «Оқу үлгерімін түзетуге көмектесе аласыз ба? Ақша берейін бе?» деп бізден көмек сұрайды. Мұнда елдегідей емес, ақша берсең, сотталып кетесің. Жүйесі басқа. Тәртіп басқа.
Құдайға шүкір, айналамда бір мүддені көздеген қазақтар баршылық. Маған көмектесіп, қолғабыс еткен достарыма, осында тұратын қазақ қыздарға алғысым шексіз. Жоғарыда мен айтып өткен мерекелерді жоғары деңгейде өту жарасқан бірлігіміздің арқасы деп білемін. Олар біздің ұлтты танытсын деп аянып қалмай, тағамдарын дайындап әкеліп, балаларын сахнаға алып шықты. Сол үшін оларға дән ризамын! Ал былайынша қорда Гал Андраш, Айша апай және мен ғана жұмыс істейміз. Гал Андраш төраға ретінде барлық жұмысты қадағалап отырады. Кәсіппен айналысқандықтан, түскен пайдасын біздің қордың қазынасына да салып отырады. Қазір мәдени іс-шаралар, фестивальдер ұйымдастыруды үйрететін арнайы курсқа барып жүрмін. Бармасқа болмады, себебі осы қорға мүше болғалы бері жолай көп кедергіге кезігіп, сан соғып қалған кездерім болды. Наурызды атап өтетін кезде елшілік өкілдерінің «Мына жерде тегін жасай беруге болады» дегеніне сеніп қалып, артынша қор есебінен ақша төлеуге мәжбүр болдық. Зерттей келсем, тегін жасауға рұқсатты ауызша емес, тиісті органдарға арнайы хат жаза отырып алуға болатынын білдім. Сондықтан қазір ұйымдастыру қабілетімді ұштап, келесі өтетін іс-шараларды бұрынғыданда жоғары деңгейде өткізуге бекініп отырмын. – Өткен айда Германияның Кельн қаласында өткен құрылтайда өз ұсыныстарыңызды ортаға салғаныңыз есімде. Тағы бір рет айтып өтесіз бе? – Жалпы, Еуропада өмір сүретін екі мың қазақтың басын қосқан ол құрылтайдан ерекше әсер алып қайттым. Біз Кельн қаласына салт-дәстүрлерімізді, ұлттық кодымызды ұмыттырмау, үлкендердің жолын жалғайтын жастарымыздың рухын көтеру, шетте жүрсе де қазақтар үшін шырылдап жүрген белсенділердің көкейінде жүрген ой-пікірін, ұсыныстарын тыңдау үшін бардық қой. Одан бөлек, қазіргідей елден көп жас кетіп жатқан уақытта Еуропа жастарын керісінше атажұртқа шақыру, онда кәсіптің көзін ашуға үндеу туралы жақсы ұсыныстар айтылды. Мен де біздің қордың атқарған жұмысымен таныстырып, өз ұсыныстарымды ортаға салдым.
Қазақ мәдениетіне ерекше қызығатын мажарлардың астанасы – Будапешт қаласында бізге мәдениет үйі керек. Онда іс-шаралар өткізуден бөлек, домбыра, би секцияларын ашсақ, келушілер қатары көбейетініне сенімім мол. Біздің мұндағы елшілікте Абай орталығы жұмыс істейді. Бірақ көпшілікке елшіліктің ғимаратына кіру қиынға соғады. Әсіресе, ата-аналар балалары улап-шулайды деп, апарғысы жоқ. Сондықтан Будапештте жеке ғимаратымыз болса екен дейміз. Одан бөлек, құрылтайда YouTube-тан Алдар көсе туралы мультфильмді алып тастау мәселесін тілге тиек еттім. Екі жасар ұлымның мультфильм, әсіресе қазақтілді туындыларды көруін қадағалайтын болдым. Әлгі мультфильмде Алдардың құлағын қалқитып, айлакердің кейіпінде көрсетеді. Сондықтан оны қарап отырған бала алдауға, арбауға бейім болады деп сенемін. Елде жүргенде күлкілі секілді көрінеді. Бірақ Еуропадан шығатын мультфильмдермен салыстырсақ, біз ол жағынан сәл артта қалып келе жатқандаймыз. Сондықтан ондай мультфильмдер балаға зиянын келтіреді деп ойлаймын.
– Келесіде қандай іс-шаралар ұйымдастырмақшысыздар? – Бұйырса, 2025 жылы Еуропа қазақтарының құрылтайын Венгрияда өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан төрағамен ақылдасып, ол үлкен іс-шараға дайындықты алдағы тамыз айынан бастауды жөн көріп отырмыз. Одан бөлек, Иштван Қоңыр Мандокидің сексен жылдығын атап өтпекпіз. Содан соң Республика күніне орай үлкен іс-шара ұйымдастыру жоспарымызда бар. Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ







https://turkystan.kz/article/226867-kazak-desturine-kyzygatyn-mazharlar-astanasy-budapeshtte-medeniet-uyi-kerek/
Келесі мақала
Ішкі туризмде ілгерілеу бар
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Атырау қаласы әкімінің қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған – жедел штаб
- авторNAQ.KZ
- 21 сәуір, 2024
Шұғыл
Өскеменде алапат өрт болды
- 21 сәуір, 2024
Өзбекстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жібереді
- 21 сәуір, 2024