
Қайырымдылық – қайырлы іс
«Мейірімділік жүректен, мейірімсіздік білектен», – дейді қазақ. Жабыққанға сүйеу, жоқ-жітікке демеу болу – халқымыздың бойына біткен қасиет. Табиғатынан қайырымды қазақ халқы қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақта да бір-біріне көмектесіп қолдау көрсетіп отырған. Бүгінде мемлекет пен қоғам өмірінде еріктілердің рөлі ерекше маңызды. Ерікті болу – адамгершіліктің, отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жақында өткен волонтерлердің халықаралық форумында еріктілерді барынша қолдайтынын жеткізді. – Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен, – деп атап өтті Президент.
2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы аталып, біраз жұмыс атқарылды. Қазір еліміз бойынша 680 ұйым ресми тіркелген. Еріктілер саны үш есеге өсіп, 200 мыңға жеткен. Аймақтардағы фронт-офистерде мыңдаған волонтер дайындықтан өткен. Бүгінде олар қоғамдағы пайдалы істерге өз үлесін қосып жүр. Сондай еріктілердің бірі – Qamqor қоғамдық қорының төрайымы әрі құрылтайшысы – Бағдат Анарбаева.
– Менің волонтерлік жұмыспен айналысып келе жатқаныма 10 жылдан асты. Алғаш 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқуға түскеннен бастап ерікті болып қоғамдық жұмыстарға араласып, айналама қол ұшын беріп көмектесе бастадым. Ол кезде өзім бұл ісіме хобби ретінде қарайтынмын. Уақыт өте келе Qamqor қоғамдық қорын құрып ресми түрде тіркедік. Ұйымның бағыты – ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды қолдау, жалғызбасты зейнеткерлерге көңіл бөлу, мұқтаж отбасыларға, қиын жағдайда түскен жастарға, жалпы еліміздің тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету, – деді кейіпкеріміз.
Еліміздегі еріктілер жылы COVID-19 вирусының әлемге кең таралуымен тұспа-тұс келді. Қатаң карантиндік режимде жұмыссыз, аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесу өзекті мәселеге айналды. Оларға азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізу, науқастарға дәрі-дәрмек тасымалдау, бұқара халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, телефон қоңырауларына жауап беру, госпитальдарға келген құрал-жабдықтар мен жүктерді түсіру сияқты жұмыстардың басым көпшілігін еріктілер атқарды. Осыдан кейін қоғамдағы еріктілерге деген көзқарас өзгеріп, қолдау көбейді. Бұрын еріктілерді еріккендер деп сырттай сөгетіндер ендігі жерде олардың қоғамға қажет екенін түсінді.
Ерікті болу адамның тұлғасына, болмысына, мінез-құлқына қалай әсер етеді деген сауалымызға: «Ерікті болу адамның қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Волонтерлік іспен айналысу – үлкен тәжірибе. Өйткені біздің жұмысымыз әртүрлі, жан-жақты, көпқырлы. Олар бір күні атақты жұлдыздармен өтетін концерттерде жүрсе, ертесіне Президент, министрлер қатысатын форумда жүреді. Келесі күні хоспистарды тазалап, қарттар үйін жинастырып, сенбілік жұмыстарға шығуы мүмкін. Ерікті болу адамға әртүрлі салада өзін шыңдауды, өзіне керек тәжірибені алуды үйретеді. Ең бастысы –коммуникация. Әртүрлі санаттағы адамдармен, оның ішінде жасы үлкен қарттармен, жастармен, ерекшелігі бар адамдармен сөйлесуді, өзін қалай ұстауды, қалай дұрыс көмек көрсетуді үйренеді. Командада, ұжыммен жұмыс істеуді меңгереді. Адамның психологиясының қыр-сырларымен танысады, – деп жауап берді Бағдат.
Волонтерлік жұмыстың көп адам көре бермейтін, біле бермей-тін өзіндік қиындықтары бар. Еріктілерге кей жағдайлар психологиялық тұрғыдан ауыр соғып жатады. Өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Күн сайын жағдайы төмен отбасыларды көру, жетім балалармен жұмыс істеу оңай емес. Алайда мұндай жұмыстар еріктілерді төзімділікке, сабырлыққа тәрбиелейді. Кей жағдайларда оларға тіпті ауыр сөз естуге тура келеді. Осындайда стресске төзімділік танытып, дұрыс әрекет етуді, конфликттің алдын алуды білсе келеңсіз сәттерді оңай жеңіп шығады.
Әдетте, ерікті десе белсенді, энергиясы тасып тұрған, жалынды жастар көз алдымызға келеді. Еріктілер арасында тұйық, көпшіліктің көзіне түскісі келмейтін, интроверттер көп кездесе ма деген сұрағымызға: «Иә, әдетте солай ойлаймыз. Бірақ волонтерлер әртүрлі болады. Біздің ұйымда мектеп жасындағы балалар белсенді, энергияға толы жастар салмақты, сабырлы аға-апалар, зейнеттегі ата-әжелер де бар. Әрине, әр адамның мінезі әртүрлі. Бізге айналасына шын ниетімен көмектескісі келетіндер көп келеді. Кей адамдар өзі бұрын мұқтаж болғандықтан, өзі секілді жандарды түсінгендіктен көмекке келеді. Тіпті, өзі белгілі бір бағытта көмекке, қолдауға мұқтаж жандар да қатарымызға қосылып жатады. Мысалы, бізде волонтерлер арасында мүмкіндігі шектеулі, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасынан шыққандар бар. Мінезі тұйық, адамдармен көп сөйлесе бермейтін интроверттер де бар. Бірақ тәжірибеге сүйенетін болсақ, адамдар волонтерлік жұмыспен жүйелі түрде айналысқаннан кейін уақыт өте келе өзі де ашылып, белгілі бір қабілеттерді игеріп жатады. Мінезі де, адамдармен қарым-қатынасы да өзгереді. Мен де алғаш волонтерлік істі қолға алғанда өте тұйық болатынмын. Басқа адаммен тіл табысу, сөйлесу, бөтен ортада жүру мен үшін өте қиын болатын Кейін балалар үйінде жұмыс істеп, қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүргеннен кейін өзімнің өзгеріп кеткенімді, қалай волонтерлік ұйымның жетекшісі болып кеткенімді байқамай қалдым», – деді Бағдат.
Қайырымды адам – альтурист. Мейірімді, бауырмал, көмек қолын созуға дайын тұратындар қашан да қоғамның негізгі тірегі болмақ. Адамның өзге жаратылыстан ерекшелігі де сонда. Саналы тіршілік иесінің хайуаннан айырмашылығы – жақынына жанашырлығында. Олар ілкімді істері арқылы қоғамды өзгертеді, адамдарды жақсылыққа бастайды, ізгілікті насихаттайды.
«Өркениетті қоғамды оның балалар мен қарттарға жасаған қарым-қатынасына қарап бағалауға болады» деген тәмсіл бар. Еріктілер өсіп келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесіне де өз үлесін қосып отыр десек қателеспеспіз. Өйткені олардың қоғам үшін жасаған әрбір пайдалы ісі жасөспірімдердің көз алдында өтіп жатыр.
Qamqor қоғамдық қорының ұйытқы болуымен бір жылда 300-ден астам жиын өтеді. Жылына кем дегенде 5-6 ауқымды іс-шара ұйымдастырылады. Әдетте, жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында жалғызбасты ата-әжелерді отбасылық мерекемен құттықтап, жылулық сыйлайды. Дәл осындай акция балалар үйінде де жалғасын тауып жатады.
Қор биыл Түркиядағы зілзала кезінде еріктілердің көмегімен 52 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Сириядағы жер сілкінісі кезінде еріктілер өз басын өлімге тігіп, гуманитарлық көмегімен бірге аттанды. Сондай-ақ Екібастұз қаласы жылусыз қалғанда, Абай облысындағы өрт кезінде де гуманитарлық көмек жіберді. Ел басына күн туып, сын сағаты келгенде еріктілер білек сыбана іске кірісіп, аянып қалмайды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын және барлық еріктілерді адал азамат деп атап өткен болатын.
– Маған еріктілер мен қайырымды жандардың «кең ауқымда ойла, соған сай әрекет ет» деген қағидаға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнайды. Шын мәнінде, ертеңгі жарқын болашаққа жету үшін біз бүгін батыл қадамдар жасауымыз керек. Бұл ұстаным экологиялық мәдениет пен саналы тұтыну дәстүрін қалыптастыру үшін өте өзекті. Ол үшін адамдардың сана-сезімі мен дүниетанымын өзгерту керек. Тек сонда ғана реформалардың нәтижесі тұрақты әрі мәңгілік сипатқа ие болады. Тұлғаның жеке үлгі көрсетуі және «тең – теңімен» қағидатын ұстануы волонтерліктің негізгі қозғаушы күші деп санаймын. Идеяларды белсенді түрде тарату және қайырымдылықты насихаттау қоғам дамуының жауапты азамат және патриотизм ұғымдарына негізделген жаңа парадигмаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы себепті елімізде волонтерлік қозғалыстың дамуын ілгерілету үшін барынша жағдай жасалады, – деді Президент Қ.Тоқаев.
Алдағы уақытта елімізде волонтерлік бағыттарды нақты көрсететін жаңа Жол картасы әзірленеді. Бұл – волонтерлік қозғалысқа тың серпін беріп, болашақ дамуын айқындайды. Сондай-ақ еріктілік пен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйе енгізілмек. Волонтерлік қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Президент ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офистердің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейтуді қолға алу қажеттігін қадап айтты. Бұл ретте еліміздегі еріктілер де халықаралық ынтымақтастықты одан ары нығайтуға және ілгерулетуге күш салуы маңызды.


https://turkystan.kz/article/226851-kayyrymdylyk-kayyrly-is/
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Атырау қаласы әкімінің қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған – жедел штаб
- авторNAQ.KZ
- 21 сәуір, 2024
Шұғыл
Өскеменде алапат өрт болды
- 21 сәуір, 2024
Өзбекстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жібереді
- 21 сәуір, 2024