Жаңалықтар

ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АЙТАРЫ БАР

ӨНДІРІСТІК АЙМАҚТАҒЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ АЙТАРЫ БАР

Өткен аптада аудан әкімі Әлихан Балқыбеков өндірістік аймақтағы Ақсүйек, Шығанақ, Мыңарал, Ақбақай, Мирный, Хантау елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы алдымен кездесудің мақсаты мен ерекшеліктерін тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. - Өздеріңізге белгілі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес аудан әкімдерінің халықпен өткізетін кездесулеріне өзгерістер енгізілді. Енді аудан, ауыл әкімдері тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдайтын болады. Сондықтан да бүгін өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, мәселелеріңізге құлақ түріп, шешілуіне барынша атсалысатын боламын – деген Әлихан Әбіләшұлы ағымдағы жылдағы жобалар мен қаржыландыруға ұсынылған жобалар жөнінде жиналған көпшілікті құлағдар етті. Алғашқы кездесу Ақсүйек, Шығанақ ауылдарының тұрғындарымен өтті. Онда тұрғындар тарапынан ауыз су, электр бағанасы мен жарығы, ауыл тазалығы, қоқыс мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Өз кезегінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға жауап берді. Келесі кездесу Мыңарал ауылының тұрғындарымен өткізілді. Мұнда аудан әкімі Әлихан Әбіләшұлы өзімен бірге келген сала басшыларымен, бөлім, мекеме мамандарын тұрғындарға таныстырып өтті. Содан соң жиынды сұрақ – жауап форматында өткізді. Ауыл тұрғындарының негізгі мәселесі ауыл мектебіне байланысты болды. Ол туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев жан-жақты түсіндіріп берді. Одан кейінгі кездесу Ақбақай ауылында өтті. Ауыл халқының көптеп көшуіне байланысты Ақбақай ауылы тұрғындарының басты мәселесі ауылдың келешегі болды. Мұнан бөлек тұрғындар жұмыссыздық мәселесін көтеріп, «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалына жұмысқа орналасу, Мирный-Ақбақай автожолын асфальттау керектігін және ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңшасын салып беруі жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Ал, Мирный, Хантау ауылы әкімдігінің ғимаратында өткен жиында ауыл тұрғындары ауыз су сапасының төмендігі, жұмыссыздық, балабақша мәселесі назарынан тыс қалмады. Өз кезегінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ел көкейіндегі барлық сауалдар мен ұсыныс-тілектерге тиісінше нақты жауаптар беріп, бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Елді мекендерді аралау кезінде аудан әкімі Әлихан Балқыбековпен аудан әкімінің орынбасары Жақсыбек Исақов және бөлім, мекеме басшылары бірге жүрді.

Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ, «Мойынқұм таңы».