Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси портал

Байланыс

Аятжан АХМЕТЖАН: ОҚУШЫНЫҢ ҮШ ЖҰРТЫ БАР: АТА-АНА, МЕКТЕП ҺӘМ ҚОҒАМ

Аятжан АХМЕТЖАН: ОҚУШЫНЫҢ ҮШ ЖҰРТЫ БАР: АТА-АНА, МЕКТЕП ҺӘМ ҚОҒАМ
ашық дереккөз
Аятжан АХМЕТЖАН: ОҚУШЫНЫҢ ҮШ ЖҰРТЫ БАР: АТА-АНА, МЕКТЕП ҺӘМ ҚОҒАМ
Әр қоғамның тәрбиешісі – ұстаз. Дана да, данышпан да, ақын да хакім де ұлағатты мұғалімнің білім нәрімен сусындап, халқының игілігіне қызмет етеді. Сондықтан шалқар білім теңізінің тамшысын бала санасына сіңіріп, қоғамға пайдасын тигізуге әзірлейтін ұстаз мәртебесі қай кезде де жоғары. Кезекті сұхбат мінберіне белгілі ұстаз, «Қазібілім» білім беру орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанды шақырғанымыздың себебі де сол. – Білім саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азаматсыз. Қазақ мектептеріндегі ұлттық тәрбие жөнінде не айтасыз? Орта білім ошақтарында осы мәселе қалай қолға алынуда? – Жалпы, білім беру саласындағы жағдай болсын, қоғамдағы тәрбие болсын, бүгін, шыны керек, ұраншылдыққа айналып кетті. Ұлттық тәрбиенің өзін жалған ұран, жай ғана көрініс, ешкімге пайдасыз жиынға айналдырып алдық. Ал білім беру саласы – қоғамның бір бөлшегі, қоғам солай болса білім саласынан артық не күтуге болады? Себебі, білім саласының басты мақсаты – тек тұлға тәрбиелеу емес, тұлға қалыптастру! Біз бүгін бәрін тәрбиелеп жатырмыз. Жақсы жаққа бағытталып жатқан да, жаман жаққа бағытталып жатқан да ұрпақ жетерлік. Біз ұрпақ тәрбиесін мектепке жүктейтін дерттен айығуымыз керек. Жігіттің үш жұрты бар, жігіттің берекелі отбасы болуына үш жұрты да жауапты. Сол секілді, оқушының да үш жұрты бар, ол – ата-ана, мектеп һәм қоғам. Ұрпақ тәрбиесі кемелді болмақ үшін осы үш жақ толық жауапты болуы керек. Бізде бүгін «біреу жасау керек» деген бір жаман әдет қалыптасты. Бұл дұрыс емес, кез келген нәрсеге бәріміз жауаптымыз, ешкімнің бұлтаруға қақы жоқ. Мектеп, ең алдымен білім ошағы, оның басты мақсаты – білім беру. Ал, білім беруді тәрбиемен ұштастыра білу – сол ахуалды орындап тұрған адамдардың бұлтартпас парызы. – Қазақ тәуелсіздігін алғанда дінімен, ділімен, құндылықтарымен қауышты деп қуандық. Осы процес басталған ширек ғасыр ішінде не таптық, не жоғалттық? – Біздің ел егер баянды ете алса, ширек ғасырда тапқанымыз көп, әрине, өтпелі кезеңді өзінің пайдасына жаратқан қаскөйлер де жоқ емес. Ең үлкен табысымыз – Қазақстандағы бүгінгі қазақ өз жерінде екі еселенді. Сан сапа беретінін ескерсек, болашақ алда деп қуануға әбден қақылымыз. Дәл осы санмен бірге тіл де, діл де, дін де келеді деп үміттенемін. Бірақ біздің жоғалтқанымыз мейірім, ізет, жылылық секілді. Біздің қоғам нарықтық экономикаға кіргенде жұрт абдырап қалды ма, күнкөрістің қамы деп жүріп жабайы экономикаға бейімделіп кетті ме, білмеймін. Баяғы қазақылығын, ұлттық бояудағы тұрмысын жоғалтып алды. Болашақ ұрпақты ата жолынан таймаған, рухы биік, Отанын сүйетін, дәстүрі мен салтына берік етіп жетілдіру үшін қандай тәрбие механизмін ұсынар едіңіз? «Біздің қазіргі тәрбие механизміміз кеңестік үлгінің жалғасы ғана іспетті» дейтіндер бар, келісесіз бе? – «Қазақта сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген тәмсіл бар, шыны керек, бізде сөз – көп, іс – аз. Ұрапағым ұлағатты болсын десең, алдында жақсы сөз айтпа, жақсы іс істе. Себебі, «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады», ұяда тағылымды нәрсе көрсете алсақ қана, оның болашағы баянды болмақ. Кешегі кеңестің тәрбиесін көрмеген буынбыз ғой, бірақ бүгінгі тәрбие туралы айтарым сол, жаңа айтқандай бос ұран, көпірме сөз. Сол ақылды айтушылардың өзі айтқан ақылының жартысын өзі орындамайды. Бірақ ақыл айтудан арланбайтын күйге түскенбіз.           Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында рухани жаңғыру тақырыбын қаузап, көптеген іргелі істердің басталуына ықпал еткені рас. Мәселен, латын әліпбиіне көшу, тарихи жәдігерлерді түгендеу, салт-дәстүрімізді ұлықтау, т.с.с. Атқарылып жатқан шаруалар көңіл тоғайта ма? Әлде, елеусіз қалған мәселелер бар ма? – Осындайда Абай атам еске түседі, Абай айтпаушы ма еді: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, сол секілді Елбасы тарапынан өте маңызды ауқымды шаруалар туралы үнемі жақсы айтылады. Бірақ, соны бірден іліп әкететін қазақы менеджерлер кемшін бе, деп ойлаймын. Орыс тіліді қоғам Мемлекет басшысының әр сөзін өздеріне бұрып алып пайдаланады, ал қазақ тілді қоғам дайын дүниені өз пайдасына жарата алмай жатады. «Орыс тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап бергендер жұмыстан кетсін» деген Президенттің өткен жылғы бір ауыз сөзін күллі орыс тілінің жанашырлары қаншалықты пайдаланды. Ал дәл сондай «Қазақстанда тұрамыз, ұрпағымызды тәрбиелейміз деген адамдар балаларын қазақ мектебіне, қазақ балабақшаларына берсін» деген Елбасы сөзін аса қатты елеген адам көрмедім. Мәселе айтылып жатқан сөздерде емес, соны іске асырушыларда, ал іске аспаған жақсы сөз тамыры қураған гүлге құйған сумен тең.

Ұқсас жаңалықтар