
Педофилдер неге көбейіп барады?
Педофилия тақырыбы елімізде қызу талқыға түсіп жатыр. Қоғамның пікірі де әр алуан. Бірі «оларды өлім жазасына кесу керек» десе, екіншісі «жазаны қатайтып, ешқандай жеңілдік қарастырылмасын» дейді. Ал үшінші топ «кастрация жасалып, өмір бойы бақылауда жүрсін» дейді. Зорлық көрген балалар азаймай тұр Өткен аптада Түркістан облысында орын алған 5 жасар қыздың өлімі қоғамды тағы да дүр сілкіндірді. Сәбиді айуандықпен өлтірген қаскөй алдымен оны зорлаған. Кісі өлтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды өлтіру) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қайғылы оқиға Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмады. Президент Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне істі мұқият тексеруді тапсырды. Жалпы, Мемлекет басшысы балаларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жазаны қатаңдату туралы бұрын да айтқан болатын. «Балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керек. Біз кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейттік, бірақ бұл мәселе өзекті болып қалып отыр. Ондай қылмыскерлер барынша қатаң жазаға лайық, оларға рақымшылық болмауы керек, сонымен қатар мерзімінен бұрын да босатылу құқығы берілмеуге тиіс. Олар барынша қауіпсіздігі жоғары абақтыларда отыруы керек. Осындай әр іс прокуратура органының ерекше бақылауында болуға тиіс», – деген болатын.
Алайда қаскөйлерге қарсы жазаны қатаңдату туралы Президент тапсырма бергенімен, зорлық көрген балалар саны азаймай тұр. Оған әсер ететін көптеген себеп бар. «Не молчи.KZ» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі осы аптада nege.kz сайтына берген сұхбатында Мемлекет басшысының тапсырмасын ІІМ-нің орындамайтынын айтқан. «Президент пен ІІМ екі бөлек бізде. Себебі Мемлекет басшысының тапсырмасын министрлік орындамайды. Неге десеңіз, Президент «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдату керек» деп бір емес, сегіз рет айтты. Бірақ ІІМ-не бәрібір. Заңды қатаңдатқан болады, оның еш нәтижесі жоқ», – дейді Дина Таңсәрі. Қоғам белсендісінің айтуынша, ІІМ қабылдаған заң нормалары адамның құқығын қорғамайды, керісінше таптайды. Мәселен, Ішкі істер министрлігіне шілде айына дейін 636 қоңырау түскен, оның 200-і расталмаған деп есеп берген. «Сонда 200 адам ерігіп, жалған қоңырау шалып отыр ма? Меніңше, тағы да өзара ымыраға келуге шақырған. «Ал қалған адам жауапкершілікке тартылды» дейді. Қалай және қайда?» дейді қор жетекшісі.
Бейресми дереккөздері таратқан мәліметтерге сенсек, елімізде күніне 3 бала зорлық-зомбылық құрбанына айналады екен. Ұлттық статистика бюросының есебі бойынша, биыл қаңтар айында елімізде кәмелетке толмағандарға қатысты 227 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 32 пайызға көп. 2022 жылдың осы кезеңінде саладағы құқық бұзушылықтар саны жылына 32,8 пайызға аз, 172 болған. Мұндай қылмыстардың басым бөлігі Алматы облысында жасалған. Өңірде бір жыл бұрын 18 іс тіркелсе, биыл 25. Сондай-ақ Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында да балаларға қатысты құқықбұзушылық көрсеткіші жоғары. Педофилдің жазасы неге жеңілдетіледі? Қылмыстық кодекстің 124-бабы, яғни жас балаларды азғындық жолға түсіру қылмысынан зардап шеккен балалардың 75 пайызы – он бір жасқа толмағандар. Ал он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас және жыныстық сипаттағы басқа да әрекеттер (ҚК-нің 122-бабы) қылмысынан зардап шеккен балалардың орташа жасы – 14-15 жас. Заңгерлердің айтуынша, осы уақытқа дейін қылмыскерлердің жартысынан көбінің жазасы жеңілдетіліп келген, олардың тек бас бостандығы шектелген.
Елімізде педофилдерге берілетін ең ауыр жаза – 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Дегенмен бұл жаза озбырларға тосқауыл болмай отыр. Қылмыскерді мемлекет жылдар бойы асырайды, қаскөй тегін тамақ ішіп, түрмеде өмір сүреді. Соңында мерзімі бітіп немесе әлдеқандай жеңілдіктерге ілігіп қайта бостандыққа шығады. Өйткені Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес педофилдер жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығына ие.
«Педофилия бойынша айыпталған қылмыскерлердің істері сот барысында жеңілірек баптарға ауыстырылып, жазасы да жиі жеңілдетіледі. Барлық сотталған қылмыскердің тек біреуіне ғана ең ауыр жаза тағайындалып, жиырма жылға бас бостандығынан айырылған», – дейді заңгер Қарлығаш Қожағалиева. Оның айтуынша, заң бойынша педофилдерді химиялық кастрациялау қарастырылғанымен, бұл жаза іс жүзінде сот практикасында қолданылмайды.
«Бұған бірнеше себеп болуы мүмкін. Мысалы, жазалау шарасын тағайындайтын сот-психиатриялық сараптамасының өкілдері әдетте ер адамдар болғандықтан, олар қылмыскерлерге аяушылық танытады», – дейді ол. Дегенмен Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, 2022 жылы Шымкент қаласында төрт педофил қылмыскерге бас бостандығынан айырумен қатар химиялық кастрациялау жазасы қолданылған.
Елімізде 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап педофилдерге химиялық кастрация жазасы енгізілді. Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы 4 педофилге химиялық кастрация жасалды. Қылмыстық кодекске сәйкес, химиялық кастрация «кәмелетке толмағандарды зорлады» деген айып тағылып, қылмысы дәлелденген 18 жастан асқан адамдарға қолданылады. Препарат педофилиямен ауыратын науқастың тестостерон деңгейін нөлге дейін төмендетіп, құмарлығын азайтады. Алайда химиялық кастрация дәрі немесе екпе түрінде қолданылатын, әсер ету мерзімі шектеулі нәрсе, яғни уақытша. Процедураны әр 2-3 ай сайын қайталау керек.
Қазақстанда химиялық кастрацияға ципротерон препараты қолданылады. Алайда дәрігерлер ципротеронның күшін омнадрен, небидо дәрілері жоятынын айтып дабыл қаққан болатын. Дәріханаларда химиялық кастрацияның күшін жоятын дәрілер еркін сатылады деседі. Сондықтан болар, балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы қайта зорлық жасайды деген мәлімет бар.
Бұрнағы жылдары Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитет Қазақстанда педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жасаған болатын. Әр адам infopublic.pravstat.kz сілтемесін басып, қылмыскер туралы барлық мәліметті қарай алатын. Бұл бастаманы қылмыскерлермен күресте толыққанды шара дей алмаймыз. Алайда бұл карта шынайы қылмыскерлерді тануға біршама көмектесетін. Осы мақаланы жазып отырып электронды картаны тексеріп көргенімізде базаның жұмыс істемейтінін көрдік. Сайттың қанша уақыттан бері істемей тұрғаны және қашан іске қайта қосылатыны да жазылмапты.
Жалпы, Қазақстанда педофилия бойынша зерттеу аз жүргізіледі екен. Педофилдер санының көбеюіне заңның солқылдақтығы, химиялық кастрацияның нәтижесіздігі, ата-ананың балаға салғырт қарауы, азғындықты насихаттайтын интернеттегі ашықтықты «кінәлап», бұл тізімді шексіз жалғастыра беруге болатын шығар. Педофилиямен күрес кешенді жүргізілмей, нәтиже болмайтыны анық. Қауіп кімнен? Қылмыстың аты қылмыс және ол заң аясында жазалануы керек. Бірақ жаза ғана мәселені шешуге көмектеспейтінін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Өйткені педофилия – психикалық ауытқу, ересек адамның жас балалардың тәніне қызығуы. Егер ойын жүзеге асырса, жыныстық зорлыққа жатады дейді мамандар. «Қандай адам педофил болуы мүмкін?» деген сауалымызға Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова:
– Педофилия бұл – дерт. Ол өзінің балаға құмарлығы бар екенін біліп, психологқа келсе, жыныстық қылмыстың алдын алуға мүмкіндігі бар. Бірақ көп жағдайда педофил психологқа келмейді. Көбіне қазіргі зорлықшы – бұрынғы құрбан. Қарапайым мысал келтіріп көрейік. Есіңізге түсіріңізші, ата-анаңыз сізге қалай ұрсатын еді? Оңбаған, нақұрыс дегенде сіздің бала жаныңыз ауыратын. Қазір балаңызды не кіші іні-сіңліңізді тап солай ұрсасыз. Яғни, сол сөз жаныңызға батқанын біле тұра, өзіңізден кіші, әлсіздің жанын тап солай ауыртып жатырсыз. Ұлғайтып айтсақ, өздері педофил құрбаны болған адамдарда тап осындай процесс жүреді. Сондықтан педофилияға ұшыраған адам өз жаным ауырып жатыр деп қана емес, болашақта педофил болу қаупінен де сақтанып психолог алдына келуі керек. Біреу айтуға ұялады, біреу өзін бақылай аламын деп ойлайды. Психика кейде логикаға бағынбайды. Сондықтан маманға жүгіну қажет, – деп жауап берді.
Яғни, бүгінгі құрбан – ертеңгі зорлықшы. Қисынға салсақ, кішкентай кезінде жыныстық зорлық-зомбылық көрген адам есейгенде балаларға соны жасау ықтималдығы жоғары. Бұл жерде біз жәбірленуші туралы айтып отырмыз. Сондықтан да қазір зорлыққа ұшыраған балалармен кешенді жұмыс жүргізіп, жан жарасын жазу болашақ қоғам үшін қауіпсіз өмірдің алғышарты десек те болады.
Осы саланы зерттеп жүрген шетелдік мамандар да «Педофилия қайдан шығады?» деген сұрақтың нақты жауабын іздеумен келеді. Алайда кейбір зерттеушілер балаларға қарсы қылмыс жасайтын адамдардың бәрі бірдей балалық шағында зорлық көрген деген ойды жоққа шығарады. «Ауруын жасырған өледі» Шынын айту керек, бала құқығын қорғауға міндеттелген мемлекеттік органдарда, сот органдарында және жалпы қоғамда балаға жасалатын жыныстық зорлық-зомбылықтарға әлі де бейжай қарайды. Мәселен, зорлыққа ұшыраған бала ата-анасына қорқып айтпайды. Кей жағдайда отбасы мүшелері біле тұра құқық қорғау органдарына жүгінбей, «жабулы қазан» күйінде қалдырады. Мұндай қылмыстың болғанына біле тұра жасырғандарға қылмыстық жаза қарастырылған, соған қарамастан бізде көп жағдайда жасырады. Өйткені тәжірибе көрсеткеніндей, «жау алыстан келмейді». Әлем бойынша жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың 30 пайызы өзі тұратын отбасы мүшесінен зорлық көрсе, 60 пайызы отбасы мүшесі емес, бірақ өздері күнделікті көріп-біліп жүрген ересек адам тарапынан (көршісі, туысы, ата-анасының досы) зорлық көреді. Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың тек 10 пайызы ғана бейтаныс адамнан зардап шегеді екен.
Қазақстанда балаларды зорлаған педофилдердің дені жәбірленушілердің жақын туысы болып шығатыны туралы жақында депутат Нартай Сәрсенғалиев та айтты. Депутат келтірген статистикаға сүйенсек, 2019 жылы Қазақстандағы құқық қорғау органдарының есебінде адам зорлаған 2 800 қылмыскер, бала зорлаған 1 350 педофил тұрған. 2021 жылы колонияларда 1 861 педофил жазасын өтесе, 50-і сол жылы бостандыққа шыққан.
«Осы орайда балаларды зорлаған кім деген сұрақ туады. Балаларды зорлағандардың 77 пайызы өз әкесі, өгей әкесі, көршісі немесе сол үйдің туысы деген ақпарат алдық. Бұл енді сұмдық жағдай», – деді мәжілісмен.
Тақырыпты зерттеу барысында елімізде зорлыққа ұшыраған балалармен жұмыс істейтін білікті психологтар мен тергеушілер жетіспейтінін байқадық. Баланың тілін тауып, жанын жараламай сұхбат құратын, сабырмен сөйлесетін мамандар тапшы. Мәселен, бізде жәбірленушіні көпшіліктің ортасында тергей береді. Қойылған сұрақтан бала тұйықталып, абдырап қалады екен. Сонымен қатар қоғамның назары қаскөйге ауатындықтан, жәбірленуші бала көпшілік көзінен тасаланып, ішкі жан дүниесін ешкімге ашпай, «тығылып» қалады.
Зорлық-зомбылықтан ешкім сақтандырылмаған. Алайда қазақ «сақтанғанды Құдай сақтайды» дейді. Осы ретте Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдияровадан «Қайғылы жағдай болғанда не істеу керек?» деп сұраған едік.
– Педофил құрбаны болудың салдары әртүрлі: бала жаны жаралы адам болып өседі немесе суицид жасауы мүмкін, тіпті өзіндік болмысын жоғалтып, өзінің не еркек, не әйел екенін түсінбей өтуі мүмкін.
Балаңыздың қорлық көргенін аңғарған кезде ашуға бой алдырмай сөйлесу керек. Оның өзін кінәлі сезінуіне жол бермеңіз. Көп сұрақтың астына алмаңыз. Қашан, кіммен болғанын сұраңыз. Бірақ не үшін олай болғаны туралы сұрамаған дұрыс.
Жағдайды естіген кезде көз жасыңызға ерік бермеңіз. Сіздің жүрегіңіз ауырып тұрғанын көрген балаңыз өзін кінәлі сезініп, ары қарай ештеңе айтпауды жөн санайды.
Жылап тұрған балаңызды тыныштандыру мақсатында оған көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыныңызды айтыңыз.
Жақында менің «Үнсіз педофилия» деген кітабым шықты. Электронды нұсқасын тегін таратып жатырмыз. Басылым педофилия мәселесін терең түсінгісі келетін және оның алдын алуды көздейтін ізденушілерге, ата-аналарға, ұстаздарға, мектеп психологтарына, практик психологтарға және барша оқырманға арналған. Бұл кітапты әр ата-ана оқуы керек, – деді Анна Мергенбайқызы. 40 пайызға жуығы қайта қылмыс жасайды… Психоаналитиктің бұл сөзін сексолог Әйгерім Камалова да қолдады. Оның айтуынша, зорлыққа ұшыраған қыз өмір бойы қорқынышпен өмір сүреді.
– Қазір ажырасушылардың көпшілігі – бала кезінде зорлық-зомбылық көрген келіншектер. Алдыма келген қыздардың 80 пайызы өз әкесі, ағасы, ағасының достары, әкесінің інілері тарапынан зорлыққа ұшыраған. Осыны айтсаң, көп адам сенгісі келмейді. Туыстық қарым-қатынасты үзгісі келмегендіктен көп аналар қызының зорланғанын жасырып қалған. Алайда қызы өсіп, тұрмысқа шыққаннан кейін отбасылық өмірде бақытты бола алмайды. Оған күйеуімен қарым-қатынас құру оңай болмайды, баланы да өмірге қиындықпен алып келеді. Әйелде балалары үшін қорқыныш, алаңдаушылық пайда болады. Әйел өзінің жан дүниесін, эмоциясын шығара алмайды. Күйеуін, ата-анасын, туған-туысын жек көре бастайды. Өйткені миында «анам мені қорғамады» деген сигнал тұрады.
Менің алдыма күйеуі туған қызын зорламақ болған келіншек келді. Әйел жүкті болған, күйеуі екеуі үлкен қыздарын ортаға алып жатқан. Түнде күйеуі өз қызына жыныстық сипаттағы әрекет жасаған. Ертесіне қыз болған жайтты 9 жастағы ағасына айтады. Солай анасы да естиді. Күйеуі менің есімде ештеңе жоқ деп ақталған. Менің алдыма келген әйел не істейін, ажырасуым керек па деп сұрады. Біз мұндай жағдайда таңдауды адамның өзіне қалдырамыз. Аталған жағдайға еркекті де, әйелді де кінәлауға болады. Қазақ баланы бесікке бөлеп, түнде бетін жауып ұйықтатқан. Баланы 2 жастан бастап бөлек жатқызу керек деп бекер айтылмаған. Баланы бөлек жатқызуға үйретпеген әйел кінәлі. Ал ер адамда мұндай ой сол түні пайда болды деу қиын. Оның қызына деген сексуалдық қарым-қатынастағы ойы бұрын да болғаны анық. Әйтпесе, өз қызына мұндай әрекет жасамаушы еді, – дейді сексолог.
Маманның айтуынша, түрмеде педофилдермен кешенді жұмыс жүргізілуі керек. Сотталғандар түрмеден шығып қылмысын қайта жалғастырып, қоғамға қауіп тудырмаудың алдын алу шараларын қолға алатын кез келді. «Әдетте, педофилдердің көбісі – анасының өзге ер адаммен көңіл қосқанын көргендер. Әйелдердің барлығы көзге шөп салады деген түсінікпен қыз баласын жек көріп өседі. Іштей әйелдерге ашулы, кек алғысы келеді. Қызды қинап өлтіре салу оларға түкке тұрмайды. Педофилия ауру болғандықтан оны емдеу керек. Қылмыскер 10 жылға сотталады, шыққан соң қайтадан қылмыс жасайды. Ал зардап шеккен қыздардың арасында өзіне қол жұмсаушылар жиі кездеседі. Жәбірленуші қыздар үшін екінші жол – жезөкшелік. 14-15 жастағы қыздардың саунада жұмыс істейтінін көріп, естіп жүрміз. Үшінші жағдайда қыздар лесбиге айналады. Ал зорлық көрген ер балалар гей болып шығады» – деді сексолог.
Халықаралық статистикаға сүйенсек, педофилдің қылмысты қайта жасау көрсеткіші әр жерде әртүрлі. Алайда басы ашық бір шындық бар. Бала зорлаушылардың бұл қылмысты қайталауы салыстырмалы түрде жиірек болады. Бостандыққа шыққан педофилдердің 40 пайызға жуығы бостандыққа шыққаннан кейін бірінші жылы жаңа жыныстық қылмыспен ұсталған, ал олардың құрбандарының көбі 13 және одан кіші жастағы балалар болған. Сондай-ақ күн сайын 500 мыңға жуық педофил интернет желісінде отырады екен. Зерттеулерге сәйкес 12 мен 15 жас аралығындағы балалар – желідегі педофилдердің негізгі нысанына айналған.
Гүлзат ҚАНАТ, психоанализ бағытындағы практик-психолог: Олардың ортақ сипаты жоқ

Педофил – ішкі дүниесі өспей қалған, көп жағдайда бала кезде өзі де педофилдің құрбаны болған адам. Оның биологиялық жасы кәмелеттік жастан асып кетсе де, психологиялық жасы кішкентай, сол себепті ересек адамдармен жыныстық қатынаста болуы қиын. Ол өзін жыныстық қанағаттандыру мақсатында балаларды пайдаланады. Педофилдің қалыптасуына көптеген фактор әсер етеді: әлеуметтік жағдай, отбасындағы моральдық көзқарас, жан жарасы және т.б. Бірақ педофилді анықтау үшін осы факторларды жеке-жеке қарастыруға болмайды, әдетте оның бала кездегі жан жарасы мен басқа да факторларды тұтастай алып қарау керек. Педофилдің жалпыға ортақ физикалық сипаты, сыртқы келбеті, мамандығы немесе тұлға типі жоқ. Балаларды зорлаушылар кез келген жыныстың немесе нәсілдің өкілі болуы мүмкін, сонымен қатар олардың діни көзқарасы, кәсібі мен хоббиі де әртүрлі. Бала зорлаушының сыртқы келбеті әуелі құрметке лайық, үлгілі, сүйкімді, мейірімді және жақсы мінезді болып көрінуі мүмкін. Себебі олар зорлық әрекетке бағытталған қауіпті ойларын жасырып қалуға дағдыланған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, педофилдердің 50 пайызға жуығы социопаттық белгілері бар адам болып шыққан. Ондай адамдар қоғамда қалыптасқан ережелер мен үрдістерге бағынбайды және бұл үшін алаңдау, ұялу, өзін кінәлау немесе өкініш сезімі болмайды. Педофилияның ең айқын белгілерінің бірі – ересек адамның балалар әрекетіне ерекше қызығушылық танытуы. Көптеген педофил ересектерге тән іс-әрекеттерге көңіл бөлгеннен гөрі, уақытты бала сияқты немесе балалардың жанында өткізгенді қалайды. Олардың хоббиі де балаларға тән хоббилерге ұқсас болады. Педофилдер балалармен сөйлескенде ересек адаммен қатынас құрғандай күйде болатыны байқалады. Балаларды зорлаушылар көбіне барлық баланы жақсы көретінін немесе өзін әлі бала сияқты сезінетінін айтады. Педофилдер әлсіз, дәрменсіз, ерекше қолдауды қажет ететін, бірақ отбасынан ондай қамқорлық көрмейтін, ұялшақ немесе тұйық балалармен қарым-қатынас орнатуды жөн көреді. Олар құрбандарына қамқорлық көрсетіп, ақшамен қамтамасыз етіп, ақыр соңында олардың досына немесе тәлімгеріне айналады. Содан кейін педофил баланы порнографиялық фильмдерге немесе сондай мазмұндағы басқа да контентке қызықтырып, өзіне икемдеп, баули бастайды. «Сенімге кіру» термині – педофилдің баланың сеніміне, кейде ата-анасының сеніміне кіру үшін әрекет ету процесін білдіреді. Арам ойын жасыра жүріп, айлар, тіпті жылдар ішінде педофил отбасының сенімді досына айналады. Ол бала күтуді, баланы дүкенге немесе саяхатқа апаруды немесе басқа да жолдарды тауып, оны сылтау қылып, баламен жалғыз уақыт өткізу үшін түрлі амал жасауға тырысады. Көптеген педофил баланың сеніміне ие болғанға дейін балаға қиянат жасамайды. Кейбіреулер балалардың көңілін табу үшін, өзінің сенімді адам екенін дәлелдеу үшін айналасындағы адамдардың пікірін пайдаланады. Порнографияны көруге көп уақыт жұмсайтын, әсіресе балалар порнографиясын қызықтайтын кез келген адам педофилияға бір қадам жақын екенін ескеру керек. Балалар порнографиясын көру – қызығушылық немесе құмарлық қана емес, балаға қарсы жыныстық зорлық көрсетуді қолдау, балаға қатысты қылмысқа қатысу болып саналады.
https://turkystan.kz/article/228308-pedofilder-nege-kobeyip-barady/
Келесі мақала
Қандастарды құлшындырған құрылтай
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Атырау қаласы әкімінің қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған – жедел штаб
- авторNAQ.KZ
- 21 сәуір, 2024
Шұғыл
Өскеменде алапат өрт болды
- 21 сәуір, 2024
Өзбекстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жібереді
- 21 сәуір, 2024