
АТЫ ДАРДАЙ АУДАНДА АВТОБЕКЕТ НЕГЕ ЖОҚ?
Нақ осы тақырыппен облыстық «Ақ жол» газетінде біраз жыл бұрын ( 24 мамыр, 2014 ж.) шағын сын мақала жарияланған болатын. Содан бері алты жылдан асса да ештеңе өзгерген жоқ. Қордай ауданының орталығы, құдайға шүкір, сәулеті жағынан облыста өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Архитектуралық тұрғыда қала кейіпіне жақын деуге болады. Орталық көшелерде көрнекті ғимараттар жылдан-жылға бірімен бірі жарысып бой көтеруде. Қырық мыңға жуық халық тұратын Қордай ауылында қазірдің өзінде үлкенді-кішілі супермаркеттер, тойханалар, қонақ үйлер, алты бірдей орта мектеп, одан да көп балалар бақшалары, ауылдың жан-жағынан өз алдына ықшам аудандар пайда болып, іргесі кеңейіп келеді. Соңғы жылдары бес қабатты бірнеше түрғын үйлер де бой көтерді.
Осының барлығы өркениетті мемлекетке тән өзгерістер. Алайда, үлкен жолдың бір тармағы Тараз бен Шуға, келесісі Алматыға, одан кейінгісі Бішкекке бағыт алатын, яғни, адамдар оңды-солды ағылып жататын Қордай ауданында автобекет жоқ. Кеңес заманындағы ескі автобекет жекеменшікке өтіп, басқа мақсаттарға пайдаланудан әбден тозығы жеткен. Алматы жақтан келетін жолдың Қордайға кіре берісінде орталықтың сәнін кетіріп бекерге тұр. Оның ұсқыны көрген жанның көңілін құлазытады.
Бізде адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қамқорлық жайлы әдемі айтылады. Бірақ... адамдар ертеңнен кешке дейін, тіпті түн мезгілінде де аяғынан тозып сапырылысып жатса, ол еріккеннен емес, бәрі күнкөрістің қамы. Жұрттың бәрінде бірдей жекеменшік автокөлік жоқ, кез-келген шаруасына қарай шауып жүре беретін. Қарапайым жұрттың дені жаяу-жалпылы. Соны көріп ескермейміз. Айтайын дегенім, Алматыға болсын, Таразға болсын жолға шыққандар ауданға кіре берістегі тоғыз жолдың торабында (Алматы-Бішкек-Тараз-Шу) жаздың аптап ыстығында, қыстың ақырған аязында, жауын-шашында ашық аспан астында көлік тосып топырлап тұрады. Көз ұшында көрінген көлікке жарыса қол көтеріп бірінен бірі озып, көліктер ерсілі-қарсылы ағылып жатқан жолдың үстіне шығып кететіндері бар. Сол маңайдың ар жақ, бер жағында бейберекет иін тірескен таксилер, шағын автобустар да аз емес. Осы тоғыз жолдың торабында автобекет салуға лайықты, айналасы кең орын да бар. Кезінде оның құрылысы жоспарланған да еді. Бірақ, автобекет салынбады. Сонда істі бастап кетуге не кедергі, кім қолбайлау болды? Сол жылдары әлгі орынға басқа мақсаттағы нысандар салуды көздегендер кесе көлденеңдеп тұрса керек. Алайда, олардың бастаған құрылыстары бір-екі жылдан соң жарым-жартылай мүлде тоқтап қалды да, автобекетке қолайлы деген ашық жер де шаңы бұрқырап, қурай басып босқа жатыр.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаевтың айтуынша, сол маңдағы бас-аяғы он бес гектар жер, жарым жартылай салынған құрылыстарымен қоса (екі қабатты бірнеше тұрғын үйлер) мемлекет меншігіне қайтарылмақшы екен. Сонда ғана бұл аумақты игерудің инфрақұрылымдық жоспарын жаңғырту аудан әкімдігінің құзырына өтпек. Бұрыннан бар мәселені қайта қозғап отырғанымыз, тағы да біреулер көлденеңнен килігіп автобекетке лайықты алақандай жерге көз салып жүрмесін деген ой. Ендігі жерде жан-жағымызға байыппен қарауды қаперден шығаруға болмайды. Елдік мүддеден жеке байшыкештер биік тұра алмайды. Ал, автобекетке керегі жол қиылысына тақау ондаған сотық жер ғана. Жолаушылар үшін орындықтар қойылған үсті жабық жай салынса, қасында асхана, дүкені, ақша айырбастау орны, дәретханасы болса, жеңіл таксилер мен бағыттық шағын автобустардың жүрісін реттейтін арнайы жолақтар белгіленсе жетіп жатыр. Бұл өркениетке жақын және қауіпсіздікке де кепіл болмақ. Оның ар жағында көп ұлтты тұрғындардың бәріне ортақ қажеттілікті орындау мүддесі тұр. Құрманбек ӘЛІМЖАН,журналист. Қордай ауданы.

Келесі мақала
Сарбаздар жауынгерлік бөлімге жіберілді
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Атырау қаласы әкімінің қайтыс болғаны туралы ақпарат жалған – жедел штаб
- авторNAQ.KZ
- 21 сәуір, 2024
Шұғыл
Өскеменде алапат өрт болды
- 21 сәуір, 2024
Өзбекстан Қазақстанға гуманитарлық көмек жібереді
- 21 сәуір, 2024