Еуропада жылқының қазысына сұраныс артқан
Еуропада жылқының қазысына сұраныс артқан
Алматылық қазақ Сағынғали Мамай Бельгияда тұрып жатқанына биыл 5 жыл. Брюссельдегі жоғарғы технология мектебінде білім алған. Оқудан соң, сонда жұмысқа қабылданыпты. Тоқыма өнеркәсібі саласында білікті маман. Екі жылдан бері қазы жасаудың хас шебері. Жалғыз өзі қарт құрлықтағы ағайынды қазақтың ұлттық тағамымен қамтамасыз етіп отыр.
Арна тілшісінің айтуынша, қазір жылқының етін жемейтін бельгиялықтар тарапынан қазақтың қазысына сұраныс артып келеді. Сағынғалиға бірден 30 қазы жасауға да тапсырыс беріледі екен. Кәсіпкер бір қазыны айналдыруға 5-10 минут уақыт кетеді дейді. Қазы айналдыруды ғаламтордан үйренген. Жіңішке ішекке етті тез тығу үшін пластиктен арнайы құрал жасап алған. Тұтынушының талғамына сай, өзбектерге әніс өсімдігін қосып, еуропалықтарға қазының майын аздау қылып айналдырады. Бәрінен де Сағынғалиға жат жердегі өз қандастарымыз риза.
Жекелеген адамдардан бөлек Сағынғали қазір Еуропа қазақтарының той-думандарына ірі көлемде тапсырыс алып жүр. Қазының бағасы салмағына байланысты, 15 еуромен 25 еуро аралығында. Қазақтарды қуантып, шетелдіктерге ұлттық тағамды дәріптеп жүрген Сағынғалидің ендігі көздегені-Бельгияда қазы жасайтын цех ашып, дайын өнімді жергілікті дүкендерге сатылымға шығару.