Байзақтағы мемлекеттік қызметкерлер 7,5 гектар жерге көшет еккен
Байзақтағы мемлекеттік қызметкерлер 7,5 гектар жерге көшет еккен
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың айтуына қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар содан кейін же жалғасын табады. Айталық, 2024 жылы Ынтымақ, Көптерек, Темірбек ауылдық округтерінің аумағына 20 000 түп көшет, 2025 жылы Түймекент, Дихан, Ботамойнақ ауылдық округтерінің аумағына 20 000 түп көшет егілетін болады. «2021 жылғы наурызда «Мекенім – жасыл елім» атты тал отырғызу акциясы аясында Байзақ ауданы бойынша 15,5 гектар жерге 45 340 дана ағаш көшеттері отырғыздық. Тарқатып айтқанда, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері 18 ауылдық округтің 7,5 гектар жеріне 5 340 түп көшет екті. Мұның ішінде, алма, алмұрт, ясин, қараағаш талдары мен қылқан жапырақты шырша ағаштары бар. Ал жекелеген азаматтардың демеушілігімен 8 гектар аумаққа 40 мың түп әр түрлі көшеттер қадалды», - деді Бақыт Алпысбайұлы. Сарыкемер ауылынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан Байзақ датқа кесенесінің маңына, 2,5 гектар жерге осы ауылдағы мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен 2 000 түп тал көшеттері отырғызылған екен. Әр ауылдық округ өз маңайларына, сондай-ақ, білім, медицина мекемелері де өз аумақтарына әртүрлі тал көшеттерін еккен. Сонымен қатар, Сарыкемер ауылының шығыс бетінде, Талас өзенінің жағалауында орналасқан «Қарлығаш» демалыс орталығына көлемі 8 гектар жерге «Азия Климат Сервис» ЖШС-нің демеушілігімен 3 млн теңгені құрайтын 40 000 дана ағаш көшеттері отырғызылған. Олардың қатарында катальпа, кипарис, емен, клен, Қырым шыршасы, алма, шие, алмұрт, алхоры, жаңғақ, тұт, сакура, бирючина және жөке талдары бар. Акция барысында бюджеттен 2 960 мың теңге, демеушілік есептен 3 000 мың теңге жұмсалған.