Байзақтағы 23 балабақша қысқы маусымға сақадай сай
Байзақтағы 23 балабақша қысқы маусымға сақадай сай
Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасов айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, ауданда бюджеттік 23 балабақша орналасса, 16-сы – газбен, 7-еуі көмірмен жылытылады. Қажетті отын қорын алуға оларға жергілікті бюджеттен 18,75 млн теңге қарастырылған. Көгілдір отынға – 13,5 млн теңге. Қазіргі таңда мердігер мекеме – «Иманалиев Медеу Суйендикович» жеке кәсіпкерлігі барлық көмірді тасымалдап үлгерген. «Мәдениет саласы бойынша 19 нысан бар десек, олардың 14-і – газбен, 5-еуі қатты отынмен жылу таратады. Қысқы жылыту маусымына қажетті отын қорын алуға жалпы 5,8 млн теңге бөлінді. 50 тонна көмір түсіруге – 1,9 млн теңге, көгілдір отынға 3,9 млн теңге есептелді. 1 тонна көмірдің бағасы – 18 200 теңгеден. Қазіргі таңда 50 тонна немесе 100 пайыз көмір толығымен түсірілді», - деді аудан әкімі. Ол жергілікті спорт бөліміне қарасты 2 нысанды көгілдір отынмен қамтуға 2,3 млн теңге қаралғанын мәлімдеді. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Байзақ ауданындағы білім бөліміне қарасты 44 мектеп жұмыс істейді. Олардың 30-ы газбен, 14-і көмірмен жылытылады екен. Мектептен тыс 7 нысанның – Балалар мен жасөспірімдер орталығы, Өнер мектебі, К.Әзірбаев атындағы балалар саз мектебі, Көркем сурет балалар мектебі, Балалар-жастар шығармашылық орталығы, Балалар шығармашылық және тәрбие орталығы, Психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің барлығына табиғи газ желісі тартылған.