Баузақта үш білім ошағы күрделі жөндуден өтті
Баузақта үш білім ошағы күрделі жөндуден өтті
Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасов мәлімдеді. Ол ағымдағы жылы білім бөліміне қарасты 3 мектепке жалпы құны 624,3 млн теңгені құрайтын қаражатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. «Жақаш ауылындағы А.Суханбаев атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 292,5 млн теңге бөлінген болатын. Мердігер мекеме – «Тараз Прогресс» ЖШС-мен 252,2 млн теңгеге биылғы 6 сәуірде келісім-шарт жасалып, қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Көкбастау ауылындағы Амангелді атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына да 205,1 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме – «Агроспецстрой» ЖШС-мен 176,8 млн теңгеге 26 наурыз күні келісім-шарт жасалды. Бүгінде онда да шаруалар тиянақталып, білім ошағы толық режімде жұмыс істеп тұр», - деді Бақыт Алпысбайұлы. Аудан басшысы Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына 226,4 млн теңге бөлінгенін жеткізді. Мердігер «ТАРАЗСТРОЙ-2004» ЖШС-мен 195,3 млн теңгеге келісім-шарт жасалған екен. Онда да бүгінде жұмыстар толық бітіп, оқушылар еркін білім алып жатыр.