Жаңалықтар

Жібек жолындағы мектептің құрылыс жұмыстары қызу жүруде

Жібек жолындағы мектептің құрылыс жұмыстары қызу жүруде

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жұмыс сапары барысында Жібек жолы елді мекеніндегі 150 орындық мектеп құрылысымен танысты. Құрылысшылар екі қабаттан тұратын ғимараттың іргетасын құйып, бірінші қабаттың қабырғасын қалау жұмыстарын аяқтауға жақын. Мердігер мекеме – «Сырым Белеке» ЖШС өзіне жүктелген міндетті тиянақты атқарып жатыр.

Құрылыс компаниясының директоры Елмұрат Күнібеков құрылыс жұмыстары барлық бағытта, бір мезгілде жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Оның айтуынша, бір бригада алғашқы қабаттың кірпішін қалап жатса, енді бір топ монтаждау, келесі бірнеше жұмысшы дәнекерлеу ісімен айналысуда. Құрылыс басында 100-ге жуық құрылысшы жұмыс істеу үстінде. Олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар. «Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 50 пайыздан астамын аяқтап үлгердік. Нысанды қаңтар айының соңында тапсырмақ ниеттеміз. Барлық шаруаны сапалы атқаруға тырысамыз. Өйткені, мұнда оқушылар білім алады», - деп атап өтті Е.Күнібеков. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырып, аудан басшылығы мен мердігерлерге нақты міндеттер жүктеді. Жалпы, Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған төтенше жағдайдан 176 нысан зардап шексе, 168 нысан толығымен қалпына келтірілді. 12 кәсіпкерлік нысанның бүгінде бесеуі жөнделіп, қайта жұмысын бастаған. 7 нысанда құрылыс жұмыстары қызу жалғасуда.