Жаңалықтар

Кір сабын жасау – шығыны аз кәсіп

Кір сабын жасау – шығыны аз кәсіп

Еркебұлан Метхан бір ай бұрын ғана кір сабын жасайтын шағын кәсіп ашқан жас кәсіпкер. Өз ісін енді ғана бастаған оның негізгі мамандығы – мал дәрігері. Кейіпкеріміз Ноғайбай ауылшаруашылық колледжінің түлегі. Ол оқуын сәтті тәмамдаған соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскерде жүргенде-ақ тұрақты табыс көзіне айналатын кәсіппен айналысуға бел байлайды. Оның бұл ойын жақындары да қолдап, барынша көмек көрсетеді.  

Атап өтерлігі, жас кәсіпкер кір сабын дайындаудың әдіс- тәсілдерін Алматы қаласына арнайы барып үйренген. Бұдан бөлек, ғаламтордан да ойға түйгені тағы бар. Уақыт өте Өзбекстаннан сабынды нығыздап, пішініне келтіретін арнайы құрал-жабдықты сатып алады. Құны 600 мың теңгені құрайтын құрылғы жас жігіттің қолға алған ісіне құлшыныспен кірісуіне үлкен көмек болады. Ал, алғашқы дайындаған өнімін Қырғыз елінің бас қаласы Бішкектегі зертханадан өткізеді. Бұл – өнімнің барлық талаптарға сай жасалғанына толық көз жеткізуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, қордайлық жігерлі жігіттің өнімі «Алға» деген сауда белгісімен нарықта саудаланады. Жергілікті өнімнің сапасы сырттан келетін сабындардан кем түспейді. Дүкен сөрелеріндегі сабынның бағасы 200 теңгеден өткерілуде. Ал, көтерме бағасы – 180 теңге. Еркебұлан бастапқыда күн сайын 100-200 дана сабын дайындаса, қазір сұраныс артқан. Бүгінде ол әр күні 400 дана сабын жасайды. Әзірге негізгі тұтынушылары – аудан тұрғындары. Кәсіпкер ірілі-ұсақты сауда нүктелерімен келісіп, өнімін өткеруде. Өкініштісі сол, жас кәсіпкердің сабын жасайтын арнайы цехы жоқ. Сондықтан, кәсібін өз үйінің ауласында дөңгелетуге мәжбүр. Десе де, бұл жігерлі жігіттің өз мақсатына жетуіне кедергі емес. Керісінше, ол келешекте кәсібін кеңейтіп, кір сабын жасаумен қатар, сұйық сабын, антифриз және терезе-әйнек жууға арналған сұйықтық жасауды қолға алуды көздеп отыр. Ендеше, Еркебұланның бастаған ісіне сәттілік тілеп, «Алға» атты отандық өнім алға бассын демекпіз!

Есен ӨТЕУЛІ

Қордай ауданы