Үйін жөндеп инфрақұрылымын реттеп берді
Үйін жөндеп инфрақұрылымын реттеп берді
Ауылдағы Байзақ батыр көшесі №43 үйдің тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Абдураим Суюновтың баспанасы заманауи үлгідегі келбетке ие болып, онда электр жарығы, жылу жүйесі мен ауыз су орнатылды. Құрылыс барысында жалпы аумағы 140 шаршы метрді құрайтын шатыры мен 54 шаршы метр болатын бастырма қайта жабылған. Еденге 70 шаршы метр линолеум төселсе, қол жуатын бөлмеге унитаз, еденге кафель төселіп, қабырғалары сырланды. Сыртқы кіреберіс пен ішкі бөлмелердегі есіктер жаңасына ауыстырылыпты. Үйдің сыртқы қабырғасы (дождик) әрленіп, қақпа да сырланған екен. Ішкі әрлеу жұмыстарына сай, кіреберіс пен жуыну бөлмелерінің төбелері сайдингпен қапталған. «Біздің қайырымдылық ісімізге ауылдың үлкен - кішісі де, жеке кәсіпкерлер де бір кісідей атсалысты. Үйдің шатырын жабу, іші мен сыртын сылап - әрлеу жұмыстарына дейін ауылдың жігіттері атқарды. Сондықтан, бұл іске атсалысқан барша азаматтарға, оның ішінде, демеушілік жасаған жеке кәсіпкерлер Асқар Данабаев, Эльмурад Кунибеков, Қайырғали Еламанов пен айтулы шараға белсенді қатысқан ауыл жастарына алғыс айтамыз», – дейді бізге берген сұхбатында ауылдық округ әкімінің орынбасары Еламан Ғалымжанұлы. Асарлатқан ауыл азаматтарының ауызбіршілікпен атқарған тындырымды тірліктерінің арқасында Абдураим Есімұлының отбасы қазір жылы да жайлы үйде тұрып жатыр. «Мен бірінші топ мүгедегімін. Біз тұрмақ мына заманда тепсе темір үзетін азаматтардың өзі әп-сәтте үй салып алуы неғайбыл ғой. Жыл санап қабырғалары сөгіліп бара жатқан баспананың жайы қабырғама бататын. «Көп түкірсе – көл», - деген осы. Азаматтардың жұмыла жасаған әрекеттерінің арқасында тұрғын үйім қайта күрделі жөндеуден өтті. Алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді Абдураим Суюнов ағынан жарыла.