Сенбілік барысында 40 түп тал дарағы отырғызылып, 563 дана ағаш әктелді
Сенбілік барысында 40 түп тал дарағы отырғызылып, 563 дана ағаш әктелді
Жыл сайын көктемгі және күзгі уақытта екі айды қамтитын тазалық айлығы жүргізілетіні белгілі. Байзақ ауданы көлемінде уақыты бекітіліп, сол бойынша сенбіліктер ұйымдастырылады. Өткен сенбіде ұйымдастырылған жалпыаудандық сенбілікке аудан тұрғындары белсене қатысты. Аудан әкімдігінің тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарлауынша, аталған сенбілікке 18 ауылдық округтен қызметкерлер және ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар, жалпы саны 3931 адам қатысқан. Сенбілік барысында 40 дана тал дарағы отырғызылып, 563 дана ағаштар әктелінген. Сондай-ақ, шіріген, сынған немесе адам не өзге де ортаға қауіпі бар, қоршаған ортаны ластау күйінде жатқан 2032 тал бұтақтарына кесу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, Байзақ ауданы аумағында орналасқан 26 қоғамдық ғимараттың бас келбеттерін және сырт пішіндері мен қоршауларын ретке келтіру жұмыстары жасалып, аумағы шамамен 5 395 шаршы метрді қамтитын саябақтар мен скверлердің аумақтары тазаланды. Ұзындығы шамамен 29 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтар және 44,7 шақырымдық көше аулалары тазаланған. Жиналған 22,8 тонна қоқыстар тасымалданып, тиісті орынға шығарылып, 12 кездейсоқ қоқыс орындары жойылған. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың жиырмасыншы тамызында «Қоғамдық орындарды абаттандыру екі айлығын өткізу туралы» аудан әкімдігінің №382 қаулысы қабылданған болатын. Алдағы уақытта сенбілік жұмыстары аудан орталығы мен барлық ауыл, ауылдық округтерде өз жалғасын табатын болады.