Жаңалықтар

Қордай ауданы, Қарасу ауылы ауыз су жүйесіне қосылды

Қордай ауданы, Қарасу ауылы ауыз су жүйесіне қосылды

Қарасу ауылдық округіндегі шешімін таппай келген өзекті мәселелердің бірі – ауыз су. Ел тілегін елеусіз қалдырмаған жергілікті билік өкілдері бұл іске қолдау көрсетіп, өткен жылы ауылда ауыз су жүйесінің құрылысы бастау алған болатын. Араға бір жыл салып, елді мекен тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. width=

Нақтырақ айтсақ, Қарасу ауылында  қомақты қаржы бөлінген су құбырының құрылысы толық аяқталып, халыққа пайдалануға берілді. Су құбырын қолданысқа беру шарасына аудан әкімі Бегзат Болатбеков арнайы қатысып, қарасулықтарды қуаныштарымен құттықтады.  width=

Бүгінгі таңда елді мекендегі 100 үй жаңа ауыз су жүйесіне қосылып үлгерген. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін Бегзат Сейсенқұлұлы ауылдағы үйлердің біріне арнайы кіріп, сапалы  судың келіп тұрғанына көз жеткізді. Үй иесі Николай Новиков үйіне ауыз су келгеніне дән риза.  width=

Жалпы биыл Қарасу ауылында жүзеге асқан тындырымды тірлік көп. Мәселен, Елорда күні қарсаңында 90 орындық мәдениет үйі ашылды, тамыз айында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жаңа спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 300 орындық мектептің құрылысы жүруде. Осындай жарқын бастамалар тек Қарасу ауылында ғана емес, алдағы уақытта барлық елді мекендерде жалғасын табатынына сенім мол. Қордай ауданының әкімдігі