Байзақтықтар игі бастаманың игілігін көруде
Байзақтықтар игі бастаманың игілігін көруде
Бірлікпен жасалған еңбектің арқасында бой көтерген тұрғын үйге аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы барып, қоныс той иесін құттықтады. «2020 жылы Жамбыл облысының әкiмi Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында, Байзақ өңірінде 14 тұрғын үй салынып, қоғамның осал топтарына берілген еді. «Acap» дәстүрi - адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа, жастарды еңбек етуге баулитын ізгі іс. Игiлiктi бастама биыл да жалғасын тауып, ауданымыздағы 18 ауылдық округте жағдайы төмен отбасыларға баспаналар салынуда. Тәуелсiздiктiң 30 жылдығы, Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекелері қарсаңында, Аймантөбе ауылында жаңа баспана пайдалануға беріліп отыр. Және бұл ауыл тұрғындарының бiрлiгi мен ынтымағын көрсетеді. «Асарлатып үй салу» жобасымен баспаналы болып отырған Бейбіт Солтанаевтың әулетін қуанышымен құттықтаймын. Бақыт шамы маңдайына бұйырған баспаналы азаматтар ауданымызда көбейе берсiн», - деген Бақыт Алпысбайұлы қуаныш иесіне жаңа тұрғын үйдің кілтін табыс етті. Салтанатты рәсім барысында ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы, зейнеткер Есаман Телғараев, Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Абдуалиев құттықтау сөз сөйлеп, таудай талабымен тындырымды тірлік жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған ауыл тұрғындары мен атсалысқан барша қауымға алғыстарын жеткізді. Шарада асарлатып салынған үйдің көтерілуіне сүбелі үлестерін қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, тұрғын үйдің лентасы қиылды. Асарлатып бой көтерген тұрғын үйге ауылдың атпал азаматтары демеушілік жасаған. Атап айтқанда, Гүлханыс Нұржігітова бір қой, Дәурен Елемесов жиырма мың, Айдын Лесбеков елу мың, Ғалымжан Байғұлов үш жүз мың, 1985-1986 жылы туылған азаматтар екі жүз мың, ауыл жастары төрт жүз мың теңге қаражат беріп қана қоймай, құрылыс жұмыстарына атсалысса, ауыл әкімшілігі құм, шағал тас, топырақ сынды құрылыс материалдарын түсіріп беріп, қолдау көрсеткен. Жалғасын тапқан «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы жасалып жатқан игі шара - жақынына жанашырлықпен қараған байзақтық тұрғындардың ынтымағы мен ырысын арттыратынын тағы бір рет көрсетті.