Байзақта жол мәселесі біртіндеп шешімін табуда
Байзақта жол мәселесі біртіндеп шешімін табуда
Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе. Шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген аудан жолдарының жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарғанын атап өтуге болады. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сенбі күні аймақтағы көшелер мен жолдарға жүргізіліп жатқан орта жөндеу жұмыстарын зерделеді. «Ауыл - ел бесігі» мемлекетті бағдарламасы аясында 297 млн. теңгеге ауданға қарасты Диқан, Аймантөбе, Түймекент, Жақаш, Қарасу, Көкөзек ауылдарындағы 15 көшеге орта жөндеу және аудандық мәндегі Қостөбе-Бурыл аралығындағы 3,6 шақырымға 76,4 млн. теңгеге, Талас ауылына кіре берістен бастап, Талас стансасына дейінгі шыға беріске дейінгі аралықта 4 шақырымға 75,1 млн. теңгеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық мәндегі «Көктал - Жетібай» аралығындағы 13 шақырым жерге 360,3 млн. теңгеге, «Сарыкемер - Түймекент» аралығындағы 8,6 шақырым жолға орта жөндеу жұмыстарына 306,3 млн. теңге бөлініп, қазіргі күні ондағы жұмыстар қарқын ала бастаған. Зерделеу барысында аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы аудандағы жол жөндеуге қатысты жұмыс барысымен жеке танысып, мердігер өкілдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы жіті бақылауда болатынын ескертті.