Жаңалықтар

Абайлықтар су мен газға қатысты проблемаларын айтты

Абайлықтар су мен газға қатысты проблемаларын айтты

Тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табуы үшін кезекті көшпелі қоғамдық қабылдау Байзақ ауданындағы Сазтерек ауылдық округіндегі ауылдық клубта ұйымдастырылды.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарына нақты жауаптар алды. Аудан басшысы Бақыт Қазанбасовқа өтінішпен жүгінген алғашқы тұрғын, еңбек ардагері Рысбай Телеуов болды. Ол бүгінде барша шаруа қауымын алаңдатып отырған ағын су мәселесін көтеріп, оған су тапшылығына байланысты орын алып отырған жағдай түсіндірілді. Зейнеткер Күлімқыз Белгібаева арзандатылған бағамен тұрғын үйіне газ кіргізу және мектепке барар жолға тротуар салу, жол белгілерін орнату мәселесімен қайырылды. Өтініш бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұрлан Мекебаевқа заңға сәйкес жауап беру тапсырылды. Ауылдық клубтың меңгерушісі Леспай Оразбеков болса, тұрғын үйлерге жүргізілген ауыз су бағасы мен су құдықтарының қақпақтарын ауыстыруды өтінді. Сонымен бірге, мәдениет ошағы саналатын ауылдық клубқа ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптар алуға қаржылай қолдау көрсетуді сұрады. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Абилбек Егембердиев елді мекендегі «Жамбыл» көшесінде жеті тұрғын үй барын алға тартып, осы көшені түнгі жарықтандыру мәселесін көтерді. Өтініш иелеріне заң талаптарына сай нақты жауаптар беріліп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді. Аталмыш шара билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу, кеңестер беру, ақпараттандыру мақсатын көздеді.