Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси портал

Байланыс

Ботамойнақта электр желісі мәселесі енді болмайды

Ботамойнақта электр желісі мәселесі енді болмайды
ашық дереккөз
Ботамойнақта электр желісі мәселесі енді болмайды
Байзақ ауданы әкімінің қатысуымен ауылдық округтерде өткізіліп жатқан көшпелі қоғамдық қабылдау бекітілген кестеге сәйкес, Ботамойнақ ауылдық округінде өз жалғасын тапты. Сыдық Абланов атындағы орта мектептің фойесінде санитарлық талаптарға сай өткізілген шара барысында ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарына нақты жауаптар алды. Аудан басшысы Бақыт Қазанбасовқа өтініштерін арқалай келген тұрғындардың басым бөлігі ауыл ардагерлері болды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Бекбауов жеңілдетілген бағамен берілетін жанар – жағар май алу мәселесін көтерсе, қауымдастық қоғамдық ұйымның төрағасы Әмірбек Бозғұлов «Амангелді» көшесіне жарық орнату және жолын жөндеу жөнінде ұсынысын жеткізді. Ал, зейнеткер Кеулімжай Шартықбаев ағын судың тапшылығы мен ағын су тарифінің тұрақсыздығын тілге тиек етіп, жыл санап бағасы өсіп бара жатқан ағын су тарифін тұрақтандыруды өтінді. Ботамойнақтық зейнеткер Есенқұл Мақұлбаев жайылым жерлердің жетіспеушілігіне алаңдаулы екенін айтып, интернет желісі қуатының төмен екендігін қозғады. Үшбұлақ стансасының тұрғыны, теміржолшы Ерғали Төлегенов елді мекенде балалар ойнайтын алаң және шағын футбол алаңшасын салу туралы өтінішін арқалай келген. Байзақтық тұрғын Амангуль Мусаева Төрегелді көшесінде электр желісі өтетін бағаналардың қауіп тудырып отырғанын алға тартып, ескі бағаналарды алып тастауды өтінді. «Салтанат» балабақшасының меңгерушісі Фаминаз Тажибаева елді мекендегі электр желілеріне қатысты шағымданып, электр қуатын жөндеп, ондағы тозығы жеткен бағаналар мен сымдарды ауыстыруды сұранды. Көшпелі қоғамдық қабылдау барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары мен орынбасарлары, электр желілерін тарату мекемесінің аға инженері Алтынбек Жамишжанов тұрғындарды жеке – жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау келесі қыркүйек айында бекітілген кесте бойынша өз жалғасын табатын болады.

Ұқсас жаңалықтар