Жаңалықтар

Көкталдық көп балалы әйел үйіне газ кіргізіп беруді сұрады

Көкталдық көп балалы әйел үйіне газ кіргізіп беруді сұрады

Байзақ ауданы әкімінің қатысуымен әр ауыл, ауылдық округтерде өткізіліп жатқан көшпелі қоғамдық қабылдау бекітілген кестеге сәйкес, Көктал ауылында өз жалғасын тапты.

Елді мекендегі мәдениет үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сауалдарына нақты жауаптар алды. Аудан басшысы Бақыт Қазанбасовқа өтініштерін арқалай келген көкталдық тұрғындардың бірі Ғазиза Бакеева болды. Ғазиза Бауыржанқызы бүгінгі таңда жұмыссыз алты баланы бағып отырғанын айта келе, жеңілдетілген қаражат есебінен тұрғын үйге газ кіргізу және де жаңа оқу жылында мектепке баратын балаларын тегін тамақпен қамтамасыз ету жөнінде өтінішін айтты. Айткул Азимбаева да қызы Мөлдірдің жағдайына алаңдайды. Басында баспанасы жоқ, үшінші топ мүгедегі Мөлдір Иманбаеваның екі баласы мектеп табалдырығында екен. Олардың тегін тамақпен қамту тізіміне ілінбей қалғанын айтып, аудан әкімінен көмек сұрай келіпті. Екі өтініш иесінің де тегін тамақпен қамту тізіміне бір-бір баласы енгізіліп, өтініштері қанағаттандырылса, газ кіргізу мәселесі бойынша тиісті бөлім басшысына заңға сәйкес қарау тапсырылды. Одан бөлек, қабылдауға келген ауыл тұрғындары Жанар Бектасова тұрғын үй салуға жер телімін сұраса, зейнеткер Кылышбек Абдикаримов мектеп ғимаратын тұрғызу мәселесін көтерді. Бақытжан Тулемисов «Саялы» массивінің «Тәуелсіздік» көшесінде үйінің алдында ескі электр бағанасының сымы өрт қауіпін тудырып отырғанын жеткізіп, электр желісін алып тастауды өтінді. Осы өтініш негізінде зерделеу жұмысын жүргізіп, жауап беру ауыл әкімі Серік Кайпулдаевқа  міндеттелді. Ал, «ОША» массивінің тұрғыны Айман Абиева елді мекен басында ағын су жүйесі жүргізілгенін, аяқ жағына лоток құрып, ағын су жүйесін тартуын сұранса, Асем Умирбаева ауылдық дәрігерлік амбулаторияда балалар мен үлкен жастағы тұрғындарды қарайтын дәрігердің жетіспейтініне шағымданды. Ағын су жүйесіне қатысты заңға сәйкес қарау үшін аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековке, дәрігер жетіспеушілігі бойынша тиісті мекемелерге хат әзірлеп, сұраныс беру жұмыстары аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Бауыржан Танашевқа жүктелді. Аталмыш шара билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу, кеңестер беру, ақпараттандыру мақсатын көздеді.