Байзақтықтардың игілігін көздеген жиын жалғасын табуда
Байзақтықтардың игілігін көздеген жиын жалғасын табуда
Ел игілігін көздеген шара өз жалғасын тапты. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, оның орынбасары Болат Сағынбеков, аппарат басшысы Еркін Заурбеков, аудан әкімдігі бөлімдерінің басшылары, аудандық полиция бөлімі мен электр желілерін тарату мекемесінің өкілдері тарапынан Диқан ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Елді мекендегі мәдениет үйінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған қабылдауға тұрғындар белсенді түрде қатысты. Аталмыш шара билік пен халық арасындағы байланысты нығайту, тұрғындар арасында күнделікті шешімін таппай жүрген түйткілді мәселелердің оң шешімін табу, кеңестер беру, ақпараттандыру мақсатын көздеді. Кездесу барысында ауылдық округ тұрғындары көтерген әр түрлі өзекті мәселелері бойынша аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлынан қажетті жауаптарын ала алды. Мысалға, «Денсаулық» саяжайының тұрғыны, зейнеткер Мадина Құндызбаева саяжайға ауыл мәртебесін беру жөнінде өтінішін жеткізді. Көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе тиісті жоғары тұрған органдар назарына жеткізілетін болды. Ал, Жеңіс ауылының тұрғыны Гүлжанат Сарсенбаеваның шабындық жер алуға қатысты сұранысына заң талабына сәйкес түсінік берілді. Аймантөбе ауылының тұрғыны, «Жеті төбе» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Гүлханыс Нұржігітова кәсіпкерлікпен айналысу үшін жер телімін сұрай келген. Аудан басшысы тарапынан өтініш назарға алынып, заң талабына сай тиісті жауап қайтарылды. Көшпелі қоғамдық қабылдау кезінде тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауаптар алып, қордаланған мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік алды. Бұл қабылдаудың мақсаты да сол, халықтың үніне құлақ асу. Сондықтан шараның өтуіне жергілікті тұрғындар да ризашылығын білдірді. Жиында қойылған сұрақтардың бәрі хаттамаға түртіп алынды. Күрмеуі қиын мәселелердің басшылыққа алынатындығы, ол бойынша алдағы күндері жұмыс жүргізілетіндігі айтылды. Көшпелі қоғамдық қабылдау алдағы уақытта өз жалғасын тауып, басқа да ауылдық округтерде өткізілетін болады. Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау барысында аудан әкімі мен аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелері 8 ауыл тұрғындарын қабылдаса, оның ішінде, 5 мәселе бойынша түсініктеме беріліп, 1 сұрақ шешімін тапты және 2 өтініш бақылауға алынды.