Жаңалықтар

Аймақты дамыту бағдарламасы аясында 2 автожол жөнделді

Аймақты дамыту бағдарламасы аясында 2 автожол жөнделді

Ағымдағы жылдың қаңтар - шілде айларында Байзақ ауданы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 2,9 млрд. теңгені құраған. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібінде 0,7 пайызға, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда 15,8 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда 84,5 пайызға өскен.

Бұл туралы сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжілістер залында өткен аудандық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында депутаттар алдында есеп берген аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайрат Исмаил айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаевтың төрағалығымен өткен сессияда күн тәртібіне үш мәселе қаралды. Күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң, алдымен «Аудан әкімінің өзінің функциялары мен міндеттерін орындауы жөніндегі есебі» тыңдалды. Аудан басшысының орнына есепті баяндамасын жасаған Қайрат Әбілханұлы «Үдемелі индустриялық - инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында, «Алель Агро» АҚ-ы Жамбыл облысында «Ет - құс шаруашылығын дамыту» жобасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, баяндамашы ауыл шаруашылығы, егін және жылыжай шаруашылығы, тамшылатып суару технологиясын енгізу, дақылдар жинау, мал азығын дайындау, минералды тыңайтқыштар мен шаруашылық техникаларын сатып алу, саланы субсидиялау және несиелендіру бағдарламаларының орындалуы, мал шаруашылығын дамыту барысы, шағын және орта кәсіпкерлік, инвестиция тарту, құрылыс, автомобиль жолдары, газ, ауыз су, еңбек нарығы, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салалары мен қоғамдық қауіпсіздікке жеке тоқталды. «Ауыл - ел бесігі» жобасы арқылы бөлінген 1,7 млрд. теңгенің есебінен 1 жаңа әлеуметтік нысан салынуда, 2 нысан күрделі жөнделуде, 5 (4 су, 1 қазандық) нысан қайта жаңғырту, 2 нысанға жанама құрылыс, 11 ауыл іші жолдары орташа жөнделуде.«Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы 7 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге 3,9 млрд. теңге қаражат қаралған екен. Жамбыл облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде бөлінген 2,6 млрд. теңгеге 6 білім нысандары, 3 инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, газбен қамтамасыз ету, 2 автомобиль жолдарын жөндеу және 250 орынға арналған емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары жүргізілуде. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ағымдағы жылға 16 маманға 70,0 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға несие және 20 маманға 5,8 млн. теңге көтерме жәрдемақы алуға қаржы қарастырылып, қазіргі таңда, 8 маман 35,0 млн. теңге тұрғын үй сатып алуға несие, оның ішінде, 4 денсаулық сақтау, 4 білім беру саласының мамандары және 10 маманға 2,9 млн. теңге көтерме жәрдемақы берілген. Баяндамадан соң мәслихат депутаттары Шолпан Байтақова мен Гүлнар Давлетбаева жарыссөзге шықты. Бұдан кейін сессияның күн тәртібіне сәйкес, «Аудандық мәслихаттың «Аумақты экономикалық дамыту, қаржы, бюджет, әкімшілік аумақтық құрылым, адам құқығын қорғау мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау» жөніндегі тұрақты комиссиясының атқарған жұмыстары туралы» аталған комиссия төрағасы Елнұрбек Ермеков есеп берді. Сессия соңында күн тәртібіне шығарылған мәселелерге қатысты тиісті шешімдер қабылданып, кезекті сессия қарауына ұсынылатын мәселелер таныстырылды. Аталмыш сессия жұмысына аудандық Қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды.