Жаңалықтар

Т. Рысқұлов ауданында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Т. Рысқұлов ауданында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 300 орындық жаңа мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді.

Ауданның 85 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келген жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын қуанышымен құттықтады.  width= - Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сол сапалы білімді игеретін жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын азамат. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі.  width= Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізуде. Ағымдағы жылы білім беру жүйесіне 284,8 млрд. теңге қаржы  бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты,-деген аймақ басшысы биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатқандығын, жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетіндігін баса айтты.  width= Сондай-ақ, келер жылы қалған 11 нысанның құрылысы аяқталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 12 мектептің 7-нің құрылысы ағымдағы жылы басталса, 5-уі  2024 жылға жоспарлануда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде.  width= Өз кезегінде аудандық «Ардагерлер» кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов тұрғындарға ізгі лебізін жеткізіп, Мемлекет, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.  width= Бұдан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, кілт тапсыру рәсімі өтті.  width= Айта кетейік, жаңа білім ошағы 12 оқу бөлмесі, зертхана кабинеттерімен, асхана, кітапхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтылған. Жылу жүйесі газбен жабдықталған. Жамбыл облысының әкімдігі