Жаңалықтар

Тұрғындар тілегі – көше жарығын қою, асфальт төсеу

Тұрғындар тілегі – көше жарығын қою, асфальт төсеу

Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, азаматтардың нақты проблемаларын шешуге бағытталған, халықпен тікелей диалогты орнату мақсатында ұйымдастырылып жатқан қоғамдық көшпелі қабылдау Байзақ ауданындағы Түймекент ауылдық округінде  жалғасын тапты.

Қабылдауға келген азаматтардың талап-тілегін мұқият тыңдаған аудан әкімі Бақыт Қазанбасов тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы қадағалауда болатынын жеткізді. Ауыл тұрғыны М. Есенаманов балалар ойнайтын алаңдар салу, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі ойын ортаға салды. Зейнеткер Нұрлан Тойбаев Қоңыр көшесін жарықтандыру мен асфальт төсеу жұмысының қашан қолға алынатындығын сұрады. Бұл сауалға Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов жауап берді. Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхамбетжанов 2019 жылы күзде “Сәмбет” және “Байзақ” каналдарына жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, ағын су шығыны орын алып отырғандығын, сонымен қатар, округке бөлінетін ағын судың мөлшерін көбейтуге ықпал етуін өтінді.Сондай-ақ, Ақжар ауылындағы бос жатқан тұрғын үй телімдеріне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, иесіз учаскелер үй кезегінде тұрғандарға берілсе деген тілегін жеткізді. Ауыл тұрғыны Алтынай Жұмағұлова Ә.Дүкенбай көшесіне орта қысымды газды, көпбалалы ана Салтанат Қасымалиева үйіне газ, жарық кіргізуге көмек беруін  сұранды. “Достық-99” шаруа қожалығының жетекшісі Бөгенбай Битабаров Түймекент ауылындағы орталық саябақты сақтап, күтімге алу қажеттігін көтерді. Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы қабылдауға келген әрбір тұрғынның өтініш-тілектері назарға алынатындығын айтып, тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкіміне нақты тапсырмалар берді.