Үлгілідегі мектеп пен мдпунктке газ тартылса...
Үлгілідегі мектеп пен мдпунктке газ тартылса...
Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Досымбек Мұсаев, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме, кәсіпорын басшыларына ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған тиісінше жауаптар алды. Қабылдауға келген еңбек ардагері Ермек Тоқымбаев Суханбаев атындағы орта мектеп пен дәрігерлік амбулаторияны көгілдір отынға қосудың маңызын алға тарта отырып, спорт кешені салынса деген ұсынысын айтты. Ауыл тұрғыны Өмірбек Бүтінбаев ағын су тапшылығы болмас үшін жергілікті жерлердегі су қорларын зерделеу қажеттігін, «Жиеналы» су қорын сумен толтыру арқылы ағын су тапшылығын шешуге болатындығы туралы ұсынысын ортаға салды. Құм өңірінде ұялы телефон байланысы нашар екендігін, сондай-ақ, онда қоқыстардың шашылып жатқандығын жеткізді. «Сәмбет» каналын бетондау жұмыстары қашан басталатындығын сұрады. Ауыл тұрғыны Күмісбек Қабылов жерді жалға алған азаматтар дивиденд бермейтіндігіне алаңдаушылық білдірді. Жақаш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Жасұзақ Момбаев ашық аспан астында қабылдау өткізудің тиімділігін айтып, аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы биылғы жылы Суханбаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын, газға қосу жұмыстары қарастырылуда екендігін айтты. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков Жақаш ауылындағы амбулатория биылғы жылы көгілдір отынға қосылатындығын жеткізді. Суханбаев ауылдық округінің әкімі Рашид Қойлыбаев спорт кешенін салу жөніндегі ұсыныстар зерделенетіндігін түсіндірді. «Биыл ағын су тапшылығы өткір сезілуде. Сондықтан Сіздер айтып отырған «Жиеналы» су қорына жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргіземіз. Ал құм өңірін ластаған азаматтарға шара қолданылатын болады. Тазалықты сақтау, қоршаған ортаға жанашылықпен қарау – әр азаматтың парызы», - деді аудан әкімі. Сонымен қатар, өңір басшысы қабылдауға келген әрбір азаматтың өтініш - тілектері назарға алынып, бұл бағытта тиісінше жұмыстар жүргізілетіндігін мәлімдеді.