Жаңалықтар

Жайдарманшылар таластықтарды күлкіге қарық қылды

Жайдарманшылар таластықтарды күлкіге қарық қылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында "Тәуелсіздік тарихы - ел тарихы" атты Талас ауданы әкімінің кубогы үшін аудан жастары арасында жайдарман ойыны өткізілді.

Бүгінде жалынды жастардың басын қосқан "Жайдарман" әзілқойлар мен тапқырлар сайысы жастардың сүйіп көретін және сүйсіне ойнайтын алаңына айналды. Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген ойынға Қаратау қаласы мен Ойық ауылынан барлығы 7 команда қатысты. Сайыста «Шапалақ», «Экстрим», «Лицей жастары», «Люкс», «Гимназия жастары», «Ауыл жастары», «Миллиард Қаратау» командалары екі кезеңнен тұратын сайыста өзара бақ сынасты. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені - Ойық ауылынан келген «Ауыл балалары» командасы, бірінші орынды С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің "Люкс" командасы, екінші орынды А.С.Пушкин атындағы орта мектебінің "Экстрим" командасы иеленді. Үшінші орынға мектеп-лицейдің намысын қорғаған "Лицей жастары" мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның "Гимназия жастары" командалары жайғасты. Одан бөлек, Қаратау технология, білім және бизнес колледжінің "Шапалақ" командасы «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. "Ең қызық сәлемдесу" номинациясын С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің "Люкс" командасы иеленсе, «Үздік әзіл» номинациясын А.С.Пушкин атындағы орта мектебінің "Экстрим" командасы еншіледі.