Ақпараттық-танымдық, қоғамдық-саяси портал

Байланыс

Жыр арқауы — тәуелсіздік

Жыр арқауы — тәуелсіздік
ашық дереккөз
Жыр арқауы — тәуелсіздік
Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­да және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Онлайн форматында ұйымдас­ты­рылған жыр сайысына Тараз қаласы жә­не аудандардан 23 айтыскер қатысты. Олардың арасында есімі елге кеңінен танымал арқалы ақындармен қатар, талабы таудай жас буын өкілдері де болды. Жоғары деңгейде өткізілген жыр додасына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Қайырбек Асанов, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және Тарихтану орталығы директорының орынбасары, мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, облыстық «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ақын Біржан Сартбек, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Сабырғали Рысбаев және Үміт Битенова қазылық жасады. Өзара сынға түскен ақындар ұлттық құндылықтар, тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерді жырлаумен қатар, арадағы достық қатынас пен туыстық байланыстарды да әзіл арқауына айналдыра білді. Көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білген додада алдымен ақындардың тапқырлығы мен ой ұшқырлығы назарға алынды. Айтыстың қорытындысы бойынша бас жүлде Жамбыл ауданының жас ақыны Нұрлыбек Құрмановқа бұйырды. Ал, бірінші орынды тараздық Шапағат Әбдір иеленсе, екінші орынды таластық Олжас Отар мен Т.Рысқұлов ауданынан келген Асхат Қылышбеков өзара бөлісті. Белгілі айтыс ақыны Айтмұханбет Исақов пен жерлесіміз Есет Досалы үздік үштікті түйіндеді. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаттары атынан аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Садубаев таластық Нұржан Манатбекке арнайы сыйлықты табыс етті.

Ұқсас жаңалықтар