Еңбегімен ер атанған Әбдір аға
Еңбегімен ер атанған Әбдір аға
Мылтықты майданнан жеңімпаз болып оралған Әбекең мылтықсыз майданда да жеңіс тұғырына көтерілді. Шаршамады, шалдықпады. Асықса да, аптықпады. Кемел келешекке сенді. Алғаш совхозда зоотехник, ферма меңгерушісі болған ол өзінің білімі, ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігіне байланысты совхоз директоры болып сайланғаннан кейін ауыл тұрғындарының әл – ауқатын көтеріп, мал басын арттыруда Әбекеңнің жас та болса, тәжірибесі мол болды. Қойды асылдандыруда өлшеусіз еңбек етіп, 28 жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алған, «Талас» асыл тұқымды қой зауытын үздіксіз 28 жыл басқарған, жетпіс бес – сексен мыңға жуық қой өргізген, Кеңестер Одағына мәшһүр, республикаға танымал, облыста аты аңызға айналған Әбдір Сағынтаев еліне ұйытқы, тұлғасы биік, өрісі кең жан болып өмірден өтті. Міне, осы бітім – болмысы бөлек, зерделі ғұмыр кешкен Әбекеңнің Үшарал ауылында 100 жылдық мерейтойына орай үлкен, ауқымды жиын өтті. Екі күнге созылған айтулы жиынның алғашқы күні 24 команда қатысқан кіші футболдан және 14 команданың басын қосқан волейболдан облыстық жарыс өтіп, Ұлбике атындағы мәдениет орталығы мен ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жиналған көпшілік тамсана тамашалады. Жиынның екінші күні аңшаңқан киіз үйлер тігіліп, жұртшылық ауылдың мәдениет үйіне жиналды. Көпшілік ішінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, Тараз қаласы мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев және басқа да елімізге танымал азаматтар болды. Сахна төрінде Әбдір Сағынтаевтың өмір жолын бейнелейтін слайд көрсетіліп, Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы әртістерінің Әбдір аға жөнінде арнайы дайындаған қойылымы тамашаланып, алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевқа берілді: «Өзін өмірге алып келген дәуірдің жүгін елім деп емірене жүріп сүйреген нағыз тұлға, Талас ауданының, облысымыздың республикамыз бен КСРО деген алып империяның тарихында өзіндік орны бар, Үшарал ауылындағы ғылыми – өндірістік тұрғыда танылған көк қаракөл елтірісінің таластық типімен әлемге әйгілі болған, «Талас» асыл тұқымды мал зауытын тапжылмай 28 жыл басқарған, Социалистік Еңбек ері, үш мәрте Ленин орденінің «Қызыл жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері, VI – шы шақырылымдағы СССР Жоғарғы Советінің депутаты, КПСС XXIII сьездінің делегаты, өз ауылының жанашыры Әбдір Сағынтаев ағамыз туралы көп айтуға болады», - деген өңір басшысы осының бәрі тынымсыз еңбектің арқасында келіп отырғанын, нар тұлғаның жүріп өткен жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі болатынын мәлімдеді. Одан әрі Бердібек Машбекұлы осындай аты аңызға айналған жерлесін ардақтап, ауылы оның 100 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізіп жатқанына ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Батырбек Құлекеев пен Қаржаубай Әбдірұлы да Әбекеңнің өмір жолына шолу жасап, өнегелі істерінен мағлұмат етті. Келесі кезекте Бердібек Машбекұлы шағын футболдан жеңімпаз атанған Байзақ ауданы командасында 300 000 теңгенің сертификаты мен кубогын, екінші орынға көтерілген «Қазфосфат» командасына 200 000 теңгенің сертификатын, және үшінші орынға табан тіреген Бостандық ауылы командасына 100 000 теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ, волейболдан бірінші орынды қанжығасына байлаған Тараз қаласының құрама командасы, екінші орынды иемденген Үшарал ауылы командасына және үшінші орынмен қанағаттанған Қызыләуіт ауылы командасына да жоғарыдағыдай сомадағы сертификаттар табыс етілді. Жиыннан соң Әбдір ағамыздың аруағына арнап дастархан жайылып, Құран бағышталды. Бұл күні Түркістан және өз облысымыздың аудандарынан жиналған көкпаршыларға салым көкпар берілді.