Көріктігі көз тартатын мәдени нысан
Көріктігі көз тартатын мәдени нысан
Сөз кезегін бастаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бір кездері сәні кеткен Қаратаудың жыл өткен сайын түлеп, жасарып келе жатқанын, мұндай игілікті істер әлі де жалғасын таба беретінін баяндады. «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен салынған мына саябақтың құны 80 миллион теңгені құрайды. 1,15 гектар жерді алып жатқан саябақтың ұзындығы – 350, ені 20 метр. Саябақ алаңында брусчаткалар мен рәзіңке жабындылар төселіп, талапқа сай орындықтар, жарық бағаналары, балаларға арналған әткеншектер мен кіші футбол, баскетбол алаңдары орналасқан. «Осы саябақтың аяғына дейін жүзеге асырған мердігер «Diveev» ЖШС-не сіздердің аттарыңыздан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер», - деген аймақ басшысы облыс экономикасының жылдан-жылға дамып, тұрғындар әл-ауқатының көтеріліп келе жатқанына тоқталды. Бердібек Мәшбекұлы келешекте тағы да қосымша фосфор өңдеу зауыты соғылып, онда 300 жұмыс орны ашылатынын, ал зауыт жылына 1 миллион тонна өнім өндіретінін де жеткізді. Ал, «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Нұрхан Нұрланов: «Бүгін біздің Қаратау қаласының тұрғындары қуанышты сәттің куәсі болып отыр. Ашылғалы отырған саябаққа біздің компания да өз қолтаңбасын қалдырды. Алдағы уақытта бұл қаланы дамытуға арналған бірқатар жобаларды қолға алмақ», - деді. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Қазфосфат» ЖШС-нің ардагері Жұмабек Әсемов те мына саябақтың қала ажарын ашып тұрғанын, енді ата – аналар балаларын ойын алаңдарында ойнатып, өздері осында демалатынын айтып, саябақты таза ұстап, оны одан әрі абаттандыруға үлес қосуы керектігін де түсіндіріп өтті. Құттықтау сөздерден кейін осы саябақтың жұмысына белсене араласып, оның өз мерзімінде аяқталуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ең шешуі сәт — саябақтың лентасын Нұрхан Нұрланұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова мен Жұмабек Әсемов қиып, келген қонақтар саябақ ішін тамашалады. Спорт алаңдарындағы балаларға доптар үлестіріліп, жиын соңы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығы әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.