Жаңалықтар

«Латын графикасы - рухани жаңғырудың негізі» атты құжаттар көрмесі өткізілді

«Латын графикасы - рухани жаңғырудың негізі» атты құжаттар көрмесі өткізілді

«Талас ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Талас ауданы әкімдігінің бөлімдері, Қаратау қаласы әкімінің аппараты, ауылдық округтер мамандарының қатысуымен «Латын графикасы - рухани жаңғырудың негізі» атты құжаттар көрмесі өткізілді.

Көрмені архив директоры А.Мухтаров ашып, архивтің қоғамдағы ролі мен қызметі туралы және бүгінгі көрменің басты мақсатын баяндады. Өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығына, архив саласының бүгінгі қоғамда атқарып отырған жұмысына тоқталды. Сан мыңдаған адамдардың өткені мен бүгінінен сыр шертетін архив қорының сараланып, іріктеліп, жинақталуы, 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «электрондық архив» жүйесінің қалыптастырылуы, ашылғанына 45 жыл болған аудандық архивтің осы жылдар бойы алыс-жақын шет елдердің жеке және заңды тұлғаларына және Қазақстан Республикасы көлемінде көрсетілетіліп отырған мемлекеттік қызметтің инемен құдық қазғандай үлкен еңбектің нәтижесінде жүзеге асырылатынын баса айтты. Қатысушылардың еңбектерінің жемісті болуына тілек білдірді. Осы жолдардың авторы көрмеге қатысушыларды архив қорында сақталып отырған 1925-1931 ж.ж. араб қарпіндегі, 1929-1940 ж.ж. латын қарпіндегі Талас және Сарысу аудандарының тарихына қатысты Сыр-Дария округтік комитетінің тарихи, маңызды құжаттарымен және архив құжаттарының негізінде дайындалған тақталар мен кітаптармен таныстырды. Сонымен қатар архив қорында сақталып отырған ҰОС ардагерлерінің, Социалистік Еңбек Ерлерінің, Ауған соғысы ардагерінің, Қаратау тау-кен химия комбинаты Еңбек Ерлерінің, таластық Еңбек озаттарының өмірбаяндарымен, суреттерімен, ауданға сіңірген еңбектерімен, жазған ғылыми жұмыстарымен, жетістіктерімен және олар туралы ақпарат бетіне жарияланған естеліктер және әртүрлі мақалалармен таныстырды. Көрмеден орын алған құжаттарды шараны тамашалаушылардың көпшілігі ежелей оқып қызықтаса, енді бірі қиналмай оқып, беймәлім болып келген деректермен танысты. Бұл құжаттарда сол кезеңдегі халықтың жағдайы, тұрмысы, тіршілігі, кәсібі, білімі, халық саны т.б. туралы мағлұматтар берілген. Мысалы: Талас аудандық атқару комитетінің президиум отырысының мәжіліс хатында 08.06.1932 ж. Талас өңіріндегі 23 ауылды біріктіріп 17 ауыл құру туралы, 01.07.1932 ж. байлығы жойылған адамдарға куәлік бермеу және малы,егісі болса салық тізіміне алу туралы нұсқау беру, 1932 ж. Оңтүстік облыстық атқару комитетіне берілген мәліметте аудандағы ауыл саны, үй саны, атком мүшелерінің, президиум мүшелерінің нақты сандары көрсетілген, 12.12.1932 ж. аудандық қоныстандыру комитетінің ақпараты бойынша 17 ауылда көпшілікке басшылық жасап отырған 153 адамнан тұратын секция жұмыс істейтіні және ауылдық мектептерде кеңес қызметкерлерін дайындау курстарында, колхоз мектептерінде оқып жатқан адам саны туралы жазылса, 31.12.1934 жылы салынатын құрылыс нысандары туралы, 14.02.1938 ж.№10 қаулыда 1938/1939 оқу жылында салынатын мектеп, интернат, жатақхана, монша туралы айтылса, статистика басқармасының құжатында 1939 жылы аудандағы мектептер бойынша оқушы саны 390 бала деп көрсетілген. Ал 10.04.1938 жылғы №18 қаулы — «мақта егу туралы қаулы», - деп аталады. Мұнда келтірілген деректер бойынша біздің аудандағы барлық колхозда мақта егілген, жоспар берілген. Әрине барлық құжаттарды зерделеу мүмкін емес. Әйтсе де көрмеге қатысушылардың тарихи құжаттардағы мәліметтерге деген қызығушылығы көп болды. Қатысушылар тарапынан әртүрлі сұрақтар қойылды, ұсыныстар айтылды, пікір алмасулар болды. Тарих архивтен басталады, архив — өткен тарихымызды ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, өткенмен болашақты жалғасты­рушы көпір. Өткеннің өнегесінен нәр алмай, кешегісін бүгінімен салыстырып, сабақтастыра алмай, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Сондықтан ұлт пен елдің мәңгі сақталып дамуында шынайы, төл тарихтың алатын орны ерекше. Көрмеге келушілерге зерттеуші ретінде белгілі бір тақырып бойынша келіп, архивтің оқу залында отырып, архив құжаттары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге болатыны айтылды. Көрмеге барлығы 25 маман қатысты. Санитарлық талаптар сақталды. Зағиша Шекербек, Талас ауданы мемлекеттік архивінің архившісі