
Күн тәртібіндегі «2023 жылдың 6 айымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамды орындалуы» туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Сұлтан, «Ауданда вегетациялық кезең мен мал азығын дайындау науқанының өту барысы» жайында ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Н.Молдабеков баяндап, негізгі мәселелер талқыланды.

Сарысу ауданы бойынша 2023 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдері, ауыл шаруашылық салаларында өсім 102,0%-ды құрап, негізгі капиталға салынған инвестициялар 19 млрд. 866 млн. теңге болып, құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 265,6 млн. теңгеге орындалған, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 105,9%-ға артып, жеке және шағын кәсіпорындардағы бөлшек сауда тауар айналымы 1 млрд. 410,0 млн. теңгені құрағаны айтылды.


Сонымен бірге, ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын 109,4 км ұзындығы 16 каналға толық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 5 800 га жоңышқа алқабына бірінші орым жұмыстары аяқталды. Игілік, Жайылма, Жаңаталап ауылдық округтерінде жоңышқа алқабының екінші орымы басталуда. Табиғи шабындық алқабының 5000 га астам алқабы шабылуда. Аудан үшін ағымдағы жылы дайындалуы тиіс мал азығы көлемі 134,0 мың тоннаны құрайды. Әзірге дайындалған мал азығы қоры (шөп) 47,8 мың тоннадан асады. Шілде айының аяғына қарай шаруалар қамыс шабу жұмыстарын бастайды. Алдағы тамыз айында жантақ шабу жұмыстары басталады. Жалпы мал азығын дайындау жұмыстары күз мезгіліне дейін жалғасатын болады.

Осы мәселелер толық қамтылып, қосымша ішкі саясат бөлімі басшысының газеттерге жазылым бойынша баяндамасы тыңдалды. Аудан басшысы С.Үмбетұлы біршама кемшіліктерге тоқталып, тиісті жұмыстарды аяқтауға уақыт берді.
Мәслихат төрағасы Шаттық Бапашұлы көтерілген мәселелер бойынша пікірін айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі